Павлодарлық балақайлар қандай жағдайда көп жарақат алады?
Жыл басынан бері мыңға жуық бала түрлі жарақат алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жедел жәрдем станциясының тәжірибесі көрсеткендей, балалар көбіне өз үйінде жарақат алады.
2026 жылдың бірінші тоқсанында 103 қызметінің мамандары балалар жарақаттануына байланысты шақыртуларға 902 рет шыққан. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7%-ға аз. Алайда оқиғалар құрылымы ата-аналар мен педагогтердің ерекше назарын талап ететін елеулі қауіптердің бар екенін көрсетеді.
– Балалар үшін ең «қауіпті» орын әлі де тұрғын үй болып отыр. Тұрмыстық жарақаттар бойынша 381 шақырту тіркелген, бұл жалпы жағдайлардың 42%-дан астамын құрайды. Бұл санатқа өткіз затқа денесін кесіп алу, жиһаздан құлау және пәтер ішіндегі басқа да оқыс жағдайлар кіреді. Айтарлықтай үлесті — жиынтық түрде 21%-дан астамын — күйік пен улану жағдайлары құрайды, - делінген хабарламада.
Дәрігерлердің айтуынша, мұндай оқиғалардың басым бөлігінің алдын алуға болады, ол үшін балаларды қараусыз қалдырмау және тұрмыстық химия мен қауіпті заттарды қол жетпейтін жерде сақтау қажет.
Статистикада оң өзгерістер де байқалады. Жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен балалар саны екі есеге азайған. Яғни 48 жағдайдан 27 жағдайға дейін төмендеген. Сондай-ақ ауыр үсік шалу жағдайлары (өткен жылы 3 болса, биыл 1) және күйік алу жағдайлары (126-дан 100-ге дейін) кеміген.
Осы ретте облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко ата-аналарға ескеруі керек негізгі жайттарды атап өтті.
– Күннің жылынуымен жарақаттану құрылымында өзгерістер болады деп күтеміз. Күн жылында, енді коньки тебу алаңдары мен сырғанақтардағы жарақаттардың орнына самокаттан, велосипедтен құлау және ең қауіптісі — ашық терезеден құлау жағдайлары жиілей бастайды. Кішкентай балаларда сақтық сезімі толық қалыптаспайды, сондықтан ата-аналарға дәл қазір терезелерге бекіткіштер орнату, балалар көлігінің жарамдылығын тексеру және жалпы бала айналасындағы ортаны қауіпсіз ету аса маңызды, - деді ол.
Жедел жәрдем қызметі өңір тұрғындарын қырағылық танытуға шақырады. Баланы қорғау үшін балаларды плита мен электр құрылғыларына жақындатпауды, батут, ролик немесе велосипед пайдаланған кезде міндетті түрде қорғаныш құралдарын кигізуді, мектептегі және жол бойындағы қауіпсіздік ережелерін үнемі еске салып отыру қажеттігін еске салады.