Павлодарлық колледж ЖИ бағдарламасын сәтті қолданып келеді

Павлодарлық колледж ЖИ бағдарламасын сәтті қолданып келеді
Фото: Константин Шелков

Бағдарлама оқытушылардың жұмысын едәуір жеңілдетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодардағы ақпараттық технологиялар колледжінің директоры Серік Джартыбаевтың айтуынша, екі жыл ішінде Teacher Assistant жүйесі өзінің тиімділігін дәлелдеді. ЖИ құралы емтихандарда аралық және қорытынды аттестацияны автоматты түрде тексеру барысында уақыт үнемдейді және адами факторды болдырмайды.

– Колледжде нейрожелілер мен жасанды интеллект бойынша шығармашылық топ пен қолданбалы зерттеулер орталығы жұмыс істейді. Teacher Assistant – бұл жасанды интеллект негізіндегі оқытушының көмекшісі. Бағдарлама студенттердің жұмыстарын бағалауға көмектеседі, толық талдау жасайды. Артықшылықтары мен кемшіліктерін көрсетіп, қорытынды шешім шығарады. Оқытушы нәтижені қайта тексереді, ал қорытынды бағаны оқытушы қояды, – деді Серік Джартыбаев.

Сонымен қатар, колледжде IELTS емтиханына дайындық пен сабақ кестесін автоматты түрде құрастыруға арналған бағдарламалар жасалған. Бұл жобалар республикалық және халықаралық хакатондарда жоғары бағаланды.

Павлодарлық студенттердің жұмысын Оңтүстік Корея мен Қытайдағы әріптестері жоғары бағалады.

– Өткен жылы ЖИ саласындағы жетекші оқытушылармен және мамандармен кездестім. Оларға Teacher Assistant жүйесін таныстырдым. Әріптесерім таңқалды. Қытайда да баяндама жасап, жұмысымызды таныстырдым. Біз тәжірибе алмасып отырмыз, бірақ жобаның бағыты өзімізге тиесілі, – деп атап өтті Серік Джартыбаев.

Студенттер мен оқытушылардың заманауи әзірлемелері облыстың білім беру жүйесіне де енгізілген. Мәселен, колледжде жасалған Uirme бағдарламасы мектеп оқушыларының үйірмелер мен секцияларға қатысуын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Мәліметтердің ашықтығы «қосып жазуды» болдырмайды және жүйені айқын етеді.

Қазір ұжым 23 жаңа жоба бойынша жұмыс істеуде. Олардың қатарында студенттерге арналған гранттар мен стипендияларды автоматты түрде іріктейтін «Balam» платформасы және NASA спутниктік деректерін пайдаланып ауа сапасын бақылауға арналған NasaAirGuard жобасы бар.

Бірнеше жыл бұрын колледж дәстүрлі дипломдық және курстық жұмыстардан бас тартты. Оның орнына студенттер компьютерде демонстрациялық емтихан тапсырады: бағдарлама жазады және практикалық дағдыларын көрсетеді. Емтихандар бейнежазба арқылы өтеді, бұл көшіріп жазу мүмкіндігін жоққа шығарады. 

Айта кетейік, өткен жылы Павлодардың ақпараттық технологиялар колледжі «Қазақстанның үздік IT-колледжі» деп танылды.