Елімізде кәсіптік оқыту курстары бағасы Павлодар облысында төмен
Биыл екінші тоқсанда елімізде 9,2 млрд теңгенің қосымша білім беру қызметі көрсетілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ranking.kz сарапшыларының мәліметінше, бұл – былтырғыдан 19,8% көп. Биыл тамыз айының соңында елімізде сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар (білім деңгейі бойынша бөлінбеген) бойынша кәсіптік оқыту курстарының құны бір жылда 10,7%, шет тілі курстары 14,1% өсті.
– Жылдық динамика бойынша кәсіптік оқыту курстары бағасының ең жоғары өсімі Түркістан облысында (50%), ең аз Павлодар облысында (0,7%) тіркелді. Тағы төрт облыста — Абай, Ақмола, Жетісу және Қызылорда облыстарында баға былтырғы деңгейде қалды. Батыс Қазақстан облысында қызмет 3,6% арзандады, – деп жазылған хабарламада.
Шет тілі курстары Жетісу өңірінде ең көп қымбаттады: 60%. Одан кейін Алматы мен Астанада да баға айтарлықтай қымбаттады: тиісінше 31,8% және 23,8%. Бағаның ең аз жылдық өсімі Алматы облысында тіркелді: 2,3%. Ақмола облысында баға былтырғы деңгейде қалды.