Павлодарлық университетте Семей мен Өскемен ұстаздары біліктіліктерін арттыруда

Павлодарлық университетте Семей мен Өскемен ұстаздары біліктіліктерін арттыруда
Фото: Марғұлан университетінің баспасөз қызметі

Жоба бойынша жалпы 49 педагогикалық оқу орнында 1800 педагогикалық-оқытушылық құрам оқытылады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Марғұлан университеті баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Дүниежүзілік банктің қолдауымен педагогикалық жоғары оқу орындарында «Педагогикалық білім беру моделін енгізу және оның мазмұнын күшейту» жобасын іске асыруда. Бұл жоба ЖОО-ның жаратылыстану-математикалық бағытындағы 100 оқытушысын CLIL әдістемесіне, 65 педагогы мен мектеп психологын ABA ADOS-2 әдістемесіне оқытуды көздейді. 

– Осы жылы аталған бағдарламаларды масштабтау кезеңі басталады және 2024 жылдың 5-12 қаңтары аралығында оқытудың бірінші кезеңі өткізілді. Барлығы 50 жаттықтырушы оқытылды. Олардың ішінде Марғұлан университетінің оқытушылары бар.  Оқытудың екінші кезеңі Марғұлан университетінде 2024 жылдың 22 қаңтарында басталып, 26 қаңтарға дейін жалғасады. Курстың ашылуына ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Бауыржан Есенгелдин қатысып, спикерлер мен қатысушыларға сәттілік тіледі, – дейді университетінде.  

Марғұлан университеті Солтүстік-Шығыс өңірі үшін базалық оқу орыны болып табылады. Атап айтсақ, онлайн форматта Өскемен қаласы университеттерінің 99 және Семей қаласы оқу орындарынан 118 адам қосылады. Барлығы 345 педагог білім алады.

Оқыту бағдарламасы 72 сағатқа есептелген. Сабақтар жаратылыстану және математика, гуманитарлық ғылымдар, арнайы білім бағыттары бойынша жүргізіледі.

Біліктілікті арттыру бағдарламасын сәтті аяқтағаннан кейін оқытушылар Хаме қолданбалы ғылымдар университетінен (Финляндия) сертификат алады. Осы жоба шеңберінде педагогикалық жоғары оқу орындарды, оның ішінде Марғұлан университетін қазіргі заманғы физика, химия, биология кабинеттерімен, инклюзивті білім беру кабинетімен жабдықтау көзделген.