Павлодарлық компания жапондық зауыт үшін крандар жасап шығарды
Олар шетелдік баламалардан кем түспейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«TRADICOM» ЖШС басқарушы директоры Евгений Кирьяковтың айтуынша, кәсіпорын инженерлері жергілікті мамандар құрастырған 22 көпірлі кранды жөнелтуге дайындап жатыр. Арнайы техника Астанада салынып жатқан жапондық Komatsu компаниясының сервистік кешеніне арналған. Жаңа орталық Орталық Азиядағы тау-кен өндірісіне арналған техника мен компоненттерге күрделі жөндеу жүргізетін алғашқы кәсіпорын болмақ.
– Крандардың жүк көтергіштігі – 20 тонна. Металл конструкцияларын толықтай өзіміз өндіреміз, ал қосалқы бөлшектер ретінде неміс өнімдерін қолданамыз. Крандарды «Kazcranes» брендімен шығарамыз. Сапасы, техникалық сипаттамалары мен сенімділігі жағынан олар шетелдік баламалардан кем түспейді, – деді Евгений Кирьяков.

Құрылыс жұмыстары өткен жылдың қыркүйегінде басталған. Жоба іске қосылғаннан кейін Қазақстанның тау-кен компаниялары техникаларын бұрынғыдан жылдам әрі арзан жөндеп, түпнұсқа қосалқы бөлшектер мен жедел сервистік қызмет ала алады. Сонымен қатар, заманауи жабдықтарды пайдалану техника бөлшектерінің қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді.
Павлодарлық кәсіпорын көпірлі, қақпалы және консольді крандар шығаруға маманданған. Сонымен бірге жабдықтарды монтаждау, жаңғырту және сервистік қызмет көрсетумен айналысады. Компания Қазақстандағы өнеркәсіп кәсіпорындары үшін жобалау, жүктемені есептеу, монтаждау, іске қосу және Төтенше жағдайлар министрлігінде тіркеуге дейінгі толық циклді «кілтпен тапсыру» жобаларын жүзеге асырады.
Бүгінде кәсіпорын 50-ден астам өнім түрін шығарады. Тапсырыс берушілер қатарында Қазақстанның ірі өнеркәсіптік компаниялары бар.

– Негізгі тұтынушыларымыз – ERG компаниялар тобы, «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазхром» ТҰК. Сонымен қатар жеке тапсырыс берушілер де бар. Мысалы, Астанадағы BI Group-пен бес жылдан бері жұмыс істеп келеміз, – деді кәсіпорын басшысы.
Оның айтуынша, зауыт бір және екі арқалықты, кабинасы бар және кабинасыз, сондай-ақ радиобасқару жүйесімен жабдықталған крандар шығарады. Бұдан бөлек, металл конструкцияларын монтаждау мен өндірістік жабдықтарды баптау бағыты да дамып келеді.
Компания халықаралық жобаларға да қатысады. Соңғы жылдары мамандар 100-ден астам түрлі кран орнатқан. Олардың қатарында Ақсу ферроқорытпа зауытына арналған 140 тонналық алып крандар да бар.
– Кран өндірісіне біртіндеп келдік. 2012 жылы тек монтаж жұмыстарымен айналыстық. Осы уақыт ішінде техникалық жағынан күрделі көптеген жобаларды жүзеге асырдық. Мысалы, Алматы темір жол бөлімшесіне қарасты «Достық» станциясында қытайлық ауыр крандарды монтаждадық. Бұл – Финляндияда шығарылған жабдықтар болатын. Ең ірі жобаларымыздың бірі тоғыз айға созылып, біз үшін үлкен кәсіби тәжірибе болды, – дейді Евгений Кирьяков.
Кәсіпорында жобаларды «нөлден бастап» жүзеге асыратынын айтады. Мамандар бос алаңдарға барып, болашақ жабдықтың параметрлерін анықтауға көмектеседі, жүктемелерді есептеп, техниканы іске қосқанға дейін жобаны толық сүйемелдейді.
Сонымен қатар, компания үшін басты қиындықтардың бірі – қытайлық өндірушілермен бәсекелестік.
– Қытай нарығы өте үлкен, сондықтан бәсекелесу оңай емес. Бірақ біз сапаға, сервистік қызметке және сенімділікке басымдық береміз. Біз үшін техниканың тапсырыс беруші талаптарына сай болып, ұзақ жылдар бойы қызмет етуі маңызды, – дейді кәсіпорын өкілдері.
Бүгінде павлодарлық крандар Қазақстан кәсіпорындарында ғана емес, халықаралық жобаларда да қолданылып жүр.