Павлодарлық кәсіпкер жиһаз өндірісін ашу құпиясымен бөлісті
Кәсіпорын жиһаз жасаумен он жыл айналысып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Любовь Погоржельская 2015 жылы жолдасымен бірге жиһаз жасау ісін бастап, «РУБИН» ЖК негізін қалады. Кәсіпкер бұрын волейболмен айналысып жүрген, алайда спорттық мансабын тәмамдаған кезде бір істі бастау керек деген ойы пайда болды.
– Павлодар жиһаз қаласы болғандықтан күйеуіммен бірге бұл бағыттағы кәсіпті ашуға бел будық. Бастапқыда кішкентай ғана цех болды. Клиентті тек сапамен тарттық. Алайда осы уақытқа дейін цех үшін арнайы жеріміз болған жоқ, жалға алып тұрдық, – деді кәсіпкер.
Ал екі жыл бұрын кәсіпкер «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы туралы білген. Өзінің жеке жиһаз өндіретін цех өз цехын сатып алу үшін «Даму» қоры арқылы бес жылға 55 миллион теңгеге несие алған.
Компания жиһаз өндірісімен айналысады. Кәсіпорын жұмысының негізгі бағыты ас үй және жатын гарнитураларын, қонақ бөлмеге және балалар бөлмесіне арналған жиһаз жасау болып табылады.
Любовь Погоржельская сөзінше, цехта сегіз тәжірибелі жұмысшы жиһазды тапсырыс бойынша дайындап, жасап шығарады. Цехта арнайы жиһаз жиектерін бекітетін түрік білдек бар. Ол материалдарды ылғалдан сақтап қалуға көмектеседі және жиһаздың қызмет ету мерзімін ұзартады. Бірақ-та кәсіпкер жұмыс кезінде кейбір қиындықтар болып тұратынын мойындайды.
– Нарық өсіп, дамып келеді. Осы салада бәсекелестік өте үлкен және де қазіргі тұтынушылар өте міншіл. Қаламызда ұсақ фурнитура таңдауы үлкен емес, сондықтан адамдар басқа қаладан тұтқаларды сатып алуға барады, – деді Любовь Погоржельская. – Оған қоса, кәсіби мамандардың тапшылығы да бар. Келіп кететін жұмыскерлер бар, алайда сенімді, сапалы жиһаз дайындайтын мамандар аз.
Кәсіпкер тұтынушылардың талғамы жыл сайын өзгеретінін байқап жүр.
– Бұрын жылтыр жиһаз сұраныста болса, қазір күңгірт, ақ, сұр түстес жиһазға тапсырыс беріп жатыр. Тұтқасыз шкафтар танымал деуге де болады, – деді Любовь Погоржельская.
Бүгінде қалада «РУБИН» ЖК екі нүктесі бар, бірақ кәсіп иелері онымен шектелгісі келмейді. Болашақта кәсіпкер тапсырыстарды жеткізетін тағы бір көлік пен ваакумды білдек алғысы келеді.