Павлодарда орман және дала өртіне қарсы іс-қимыл күшейтілуде

Павлодарда орман және дала өртіне қарсы іс-қимыл күшейтілуде
Фото: ТЖД баспасөз қызметінен

Осы мақсатта өңірде «Өрт-2026» республикалық оқу-жаттығуы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодар облысында табиғи өрт туындаған кездегі іс-қимылдарды пысықтауға және азаматтық қорғау қызметтерінің өзара іс-қимылын жетілдіруге бағытталған «Өрт-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтті.

Ауқымды оқу-жаттығуға азаматтық қорғау қызметтерінің 335 жеке құрамы мен 61 техникасы жұмылдырылды. Оның ішінде арнайы техника, ұшқышсыз ұшу аппараттары және жол талғамайтын көліктер қолданылды.

Негізгі іс-шаралар Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы «Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ Жасыбай орманшылығы аумағында ұйымдастырылды.

Оқу-жаттығу жоспары сәйкес, ұзаққа созылған қуаңшылық, ауа температурасының жоғарлауы және желдің күшеюі салдарынан құрғақ шөп жанып, өрт орман алқабына таралған. Өрт туралы ақпарат түскеннен кейін төтенше жағдай аймағына күштер мен құралдарды жөнелту ұйымдастырылды. Оқиға орнында дала лагері мен жедел штаб құрылды.

- Ауқымды шара барысында бөлімшелер шартты табиғи өртті оқшаулау және жою бойынша іс-қимылдарды пысықтады. Тәжірибелік іс-шаралар орман алқаптарында да, облыс аудандары аумақтарында да өткізілді. Төтенше жағдайды жоюға тартылған барлық қызметтердің өзара үйлесімді жұмысына ерекше назар аударылды, - дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіндегілер.

Тәжірибелік кезеңге «Ауыл құтқарушы» бөлімшелері де белсенді қатысып, құтқарушылар және орман қызметкерлерімен бірлесіп шартты өртті сөндіру жұмыстарын атқарды.

Оқу-жаттығу аясында шекаралас және іргелес аумақтардағы табиғи өрттер туралы ақпарат алмасу алгоритмдері пысықталды, өртке қарсы құрылымдардың дайындығы тексерілді, сондай-ақ орман және дала өрттерін сөндірудің әдіс-тәсілдері жетілдірілді. Тәжірибелік бөлім аяқталғаннан кейін қызмет басшылары бөлімшелердің іс-қимылдарына талдау жасап, оқу-жаттығу қорытындыларын шығарды. «Өрт-2026» оқу-жаттығуы азаматтық қорғау қызметтерінің табиғи өрттерге ден қою дайындығын арттырып, барлық мүдделі ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға мүмкіндік берді.