Павлодарлық оқушылар қаржылық қауіпсіздікті ойын арқылы меңгеруде
«Адал азамат» бағдарламасы аясында экономикалық ойын күні өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласындағы Аманжол Шамкенов атындағы мектеп-лицейде сегізінші сынып оқушыларына арналған «Біз және қаржылық қауіпсіздік» атты экономикалық ойын ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – оқушыларға жеке қаржылық және цифрлық қауіпсіздіктің негіздерін үйрету.
Ойын форматында оқушылар қаржылық тәуекелдердің түрлерін, алаяқтарды қалай тануға болатынын, банк карталарын және интернетті қауіпсіз әрі дұрыс пайдалану жолдарын үйренді.
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ботагөз Кенжебаеваның айтуынша, іс-шара мектепте өтіп жатқан «Заң және тәртіп» айлығы аясында ұйымдастырылды.
– Қаржылық қауіпсіздікке арналған мұндай ойындар өте қажет. Өйткені балалар мен жасөспірімдер интернетте көп уақыт өткізеді және алаяқтарға жиі тап болады. Ең бастысы – оларды мұқият болуға үйрету, базалық білім беру және ақшаны дұрыс басқару жолдарын көрсету, – деді Ботагөз Кенжебаева.
Оқушылар викторинаға қатысып, командалық квесттен өтті, сондай-ақ қазақ тілінде мақал-мәтел құрастыру бойынша шығармашылық тапсырмалар орындады. Мұндай формат сыни ойлау қабілетін және топпен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға ықпал етеді.
Педагогтың айтуынша, мектепте осындай ойындар жоғары сынып оқушылары үшін де өткізіледі, алайда осы айлық аясында орта буын оқушыларына ерекше назар аударылған.
Өз пікірін Дарья Аникина есімді оқушы да білдірді. Оның айтуынша, ол күнделікті өмірде қаржылық қауіпсіздік ережелерін сақтайды.
– Мен әрқашан ақшаны неге жұмсау керек, ал неге жұмсамау керектігін ойлап жүремін. Ешкімге құпия сөздерімді айтпаймын және сақ болуға тырысамын. Бірде маған алаяқтар қоңырау шалып, код немесе ақша сұраған еді, бірақ мен бірден олардың нөмірін бұғаттадым, – деді оқушы.
«Біз және қаржылық қауіпсіздік» іс-шарасының өткізілуі жасөспірімдерге ақшаны дұрыс басқаруды және интернетте қауіпсіз әрекет етуді жақсырақ түсінуге көмектесті.