Павлодарлық студенттер Данияда өтетін EuroSkills чемпионатына қатысады
Өңіріміздің студенттері екі алтын, екі күміс және екі қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
WorldSkills Kazakhstan-2024 жұмысшы мамандықтарының ұлттық чемпионатына өңірлік кезеңдерден өткен 550-ден астам колледж студенті қатысты. Үш күн бойы олар 30 құзыреттілік бойынша сынға түсті. Жұмыс алаңдарында қатысушылардың кәсіби дағдыларын 558 сарапшы бағалады.
Чемпионат қорытындысы бойынша 30 негізгі құзыреттілік бойынша 108 жеңімпаз анықталды. Олардың арасында электромонтаж, энергетика, кірпіш қалау, шанақты жөндеу, аспаздық және ресторан ісі, IT шешімдері, WEB-технологиялар, мобильді робототехника, мехатроника, прототиптеу секілді құзыреттіліктер болды. Жеңімпаздар 32 алтын, 37 күміс және 39 қола медаль иеленді. 155 қатысушы «Үздік медальонға» ие болды.
Өңірімізден 28 студент қатысып, екі алтын, екі күміс және екі қола медаль, 13 кәсіби шеберлік медальді жеңіп алды.
«Шаштараз өнері» құзыреттілігі бойынша Павлодар қызмет көрсету саласы колледжінің түлегі Әлімжан Қайыр жеңімпаз атанды. Ол бала кезінен адамдарға сұлулық сыйлағанды ұнатады.
– Күн сайын бізге екі манекен және екі тапсырма берілді, ең қиыны бірінші күн болды, 3,5 сағат ішінде фотосуреттегі тапсырманы дәл қайталап отырып, күрделі бояу мен шаш үлгісін жасау керек болды. Манекенді шаш қидыруға келген адам сияқты мұқият қарау керек еді, – деді Әлімжан Қайыр.
Сонымен қатар, байқауға қатысушылар белгіленген тақырыпқа қарай ер – әйелдердің шаштарын қю, тұрақты бұйраларды, классикалық шаштарды белгіленген уақытта жасап қана қоймай, қолданған заттарды өз орнына қоюға және шаш бояуларды жерге төгіп алмауға сақ болуды қажет етеді.
Павлодар сервис және тамақтану колледжі үшінші жыл қатарынан «Мейрамхана сервисі» құзыреттілігінде жеңімпаз атанды, биылғы жылы Студент Зейнулла Санжар алтын медальмен марапатталды. «Аспаз ісі» құзыреттілігінде күміс медальді Аружан Кенжабаева жеңіп алды. «Кондитерлік іс» құзыреттілігінде Томирис Иманқұлова медальон иеленді.
«Мобильді робототехника» құзыреттілігі квадрокоптердің макеті үшін ақпараттық технологиялар колледжінің үшінші курс студенті Кирилл Данковскийге күміс жеңді. Ол сандық модельдер негізінде көлемді өнімдер шығаруға қызығушылық танытты. Мұғаліммен бірге жас жігіт күніне бес сағаттан астам уақыт дайындалды. Өткен жылы «WorldSkills Kazakhsta» чемпионатына қатысқан, өкінішке қарай орын ала алмаған.
– Тапсырмалар сызбалармен байланысты болды, сондықтан оларды оқуды және өзің жасауды қажет етеді, сонымен қатар дайын бөлікті 3D басып шығаруды, фрезерлеуді, өңдеуді және бояуды жақсы үйреніп жасау керек болды. Біздің құзыретіміздегі бәсекелестік өте жоғары болды, – деді ұстазы Борис Григорьев.
Ұстазының айтуынша, чемпионаттың алғашқы төрт сағаты модельдеу мен сызбаларға бағытталды. Белгіленген уақыт ішінде қатысушыларға 10 бөлшекті модельдеу және оларға сызбалар жасау керек болды. Ұстазы биылғы жеңімпаз шәкірті келесі жылғы жеңімпаздарды дайындауға көмектеседі деп үміт артып отыр.
Бейсен Ахметов атындағы педагогикалық жоғары колледжінің студенті Кауе Шаймарданова «кіші сыныптарда оқыту» құзыреттілігінде және техникалық сервис колледжінің түлегі Дамир Муслимов «жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету» құзыреттілігінде қола медалін иеленді.
Павлодар облысы медаль саны бойынша бесінші орынды иеленді. Жеңімпаздар келесі жылы Данияда өтетін EuroSkills чемпионатына қатысу үшін ұлттық құрамаға кіру мүмкіндігіне ие болды.