Павлодарлық оқушылар iQanat олимпиадасының ақтық мәресіне жол тартты

Алматыда өтетін iQanat олимпиадасының финалында өңір намысын 28 оқушы қорғайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша iQanat қорының үйлестірушісі Сандуғаш Матаеваның айтуынша, финалға шыққандардың барлығы – ауыл мектептерінің оқушылары.
– Балалар облыстық кезеңнен сүрінбей өтті. Енді олар үшінші турда өз бақтарын сынайды. Бұл – білім сыналатын сәт қана емес, дамуға ынталандыратын маңызды баспалдақ. Алматыда олар қамқоршылармен кездесіп, табысқа жету жолындағы өмірлік тәжірибелерімен танысады. Түрлі тренингтерге қатысады, – дейді Сандуғаш Матаева.
Қатысушылар бес бағыт бойынша бақ сынайды: тестілеу, математикалық сауаттылық, логикалық ойлау, ағылшын тілі және таңдалған пән. Финалға шыққандардың көбі – жақсы нәтиже көрсететін әрі белсенділігімен танымал Баянауыл ауданының оқушылары.
Айзере Ғадыссатар Зейін Ақышев атындағы мектеп атынан білімін сынайды.
– Қатты қобалжып тұрмын. Бұл сезім нәтижеме кері әсер етпесе екен деймін. Мақсатым – жоғары нәтиже көрсету және Бурабайдағы iQanat мектебіне оқуға грант ұтып алу. Әзірге болашақ мамандығымды нақты шешкен жоқпын, бірақ еліме пайда әкелгім келетіні анық, – дейді Айзере.
Айта кетейік, олимпиаданың екінші кезеңі наурызда Павлодарда өткен болатын. 300-ге жуық ауыл оқушысы тегін оқу мүмкіндігі үшін барын салды. Биыл олимпиада тек білім сайысы емес, білім беру тәлімгерлігінің алаңына айналған Peer-to-Peer жобасына ерекше көңіл бөлінуде.
Қатысушыларға кәсіби бағдар беру, ҰБТ-ға дайындық, ағылшын тілін тереңдетіп оқу және IT-дағдыларды дамытуға бағытталған үш жылдық қолдау бағдарламасынан өту мүмкіндігі беріледі.
IQanat әлеуметтік-білім беру жобасын 200-ден астам қазақстандық кәсіпкер қолдайды. Олимпиада тарихындағы жеті жыл ішінде 20-дан астам павлодарлық оқушы Бурабайда білім алды. Жеңімпаздардың есімі 19 маусымда белгілі болады. Марапаттау рәсімі Медеуде өтеді.