Павлодарлық спортшылар Азия чемпионатында топ жарды
Облыстың кәмелетке толған каратэшылары екі алтын және төрт қола медаль ұтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Nomad» киокушинкай каратэ мектебінің жаттықтырушысы Еркебұлан Айтжановтың мәліметінше, жарыс 18+ жас санатында өтті. Татамиде өз бақтарын 22 елдің ең мықты жауынгерлері сынады.
– Қазақстан құрамасы командалық есепте 1 орынға ие болды! Павлодар қаласынан Азия чемпиондары мен жүлдегерлерінің қатарына алты спортшы енді. Оның ішінде алтын медальді 60 келі салмақ дәрежесінде Бейбарыс Сұлтан, 70 келіде Кирилл Масленников жеңіп алды, – дейді жаттықтырушы әлеуметтік желіде.
Үшінші орынға 55 келі салмақ дәрежесінде Дариға Басхаева, 80 келіде Анатолий Качулин, 75 келіде Станислав Базилевич және 50+ жас санатында ардагер Ақылбек Нұрмағамбетов ие болды.
Айта кетейік, 3 тамыз күні 12-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өтеді.