Қазақстанның бірнеше қалаларынан келген палуандар Успенде жиналды

Қазақстанның бірнеше қалаларынан келген палуандар Успенде жиналды
Фото: қалалық білім бөлімінен

ММА бойынша республикалық деңгейдегі аралас жекпе-жек турнирі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы Успен ауылының дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің негізінде Жеңістің 80 жылдығына арналған аралас жекпе-жек турниріне Павлодар, Астана, Қарағанды, Ақсу және Екібастұз қалаларынан 13-16 жас аралығындағы 140-тан астам жас палуандар жиналды. 

Павлодар қаласының атынан «Жігер» балалар-жасөспірімдер орталығының тоғыз тәрбиеленушісі қатысты.

Бапкер Алтынбек Рщанов жетекшілігімен турнир барысында павлодарлық спортшылар жоғары техникалық дайындықтарын көрсетіп, жарыс қорытындысы бойынша төрт жүлделі орынға ие болды.

– Біздің спортшылар бұл турнирде тек жүлде үшін ғана емес, бейбіт аспан мен ел болашағы үшін күресті. Бұл жарыс тек спорттық бәсеке ғана емес, тарихи жады мен ұрпақтар сабақтастығының көрінісі болды, – деді бапкер. 

Атап айтқанда, 16 жасар Кәрім Сыздықов турнир жеңімпаз атанып, алтын медаль иегері болды. 14 жасар Руслан Қайыргелді күміс жүлдеге ие болса, қола медальдармен 14 жастағы Даниял Қалиев және 13 жасар Ильхан Сыздықов марапатталды.