Павлодарлық студент Алтынсарин қорының грантын жеңіп алды
Бұл жобаға қаланың 50-ден астам студенті қатысуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлкей Марғұлан педагогикалық университетінің екінші курс студенті Ерасыл Серік – білім беру саласында үздік нәтиже көрсетіп, «Мұғалім» атты арнайы жобаның грантын жеңіп алған жас педагог-тәлімгер. Сонымен қатар ол университеттің студенттік парламент төрағасы және студенттермен әрекеттестік офисінің қызметкері ретінде де белсенді қоғамдық жұмыс атқарып жүр.
Ерасыл Серіктің айтуынша, «Мұғалім» жобасы туралы алғаш Семей қаласындағы «Достық» оқу орталығында дайындалып жүрген кезінде естіген. Орталыққа келген мамандар жобаның талаптары мен мүмкіндіктерін таныстырған.
– Кураторларым да бұл жобаға қатысуға кеңес берді. Университетке түспей тұрып бір жыл бұрын өтініш бердім. Мотивациялық хат, биография, ұсыныс хат дайындадым. Павлодарға келгенде жобаның өкілдерімен танысып, сұхбаттан өттім. Соның нәтижесінде грант иегері атандым, – дейді ол.
Студентке ай сайын 40 мың теңге көлеміндегі стипендия түсетін болады.
«Мұғалім» жобасы – Ыбырай Алтынсарин атындағы қоғамдық білім беру қоры жүзеге асыратын бастама. Жоба Қазақстанның түрлі қалаларында бар, атауы әртүрлі болуы мүмкін, бірақ бас орталығы – Алтынсарин қоры.
Ол мемлекет қаржысымен емес, жеке кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асады. Оның мақсаты – болашақ мұғалімдердің сапасын арттыру.
Грантты сақтап қалу үшін студенттер кем дегенде 70 пайыз нәтижеге ие болуы керек. Олар аптасына екі рет бейінді пәндерді оқып, ай сайын емтихан тапсырады. Ал ағылшын тілінен әр екі ай сайын аралық тестілеуден өтеді. Бұл талаптарды сақтай алмаған жағдайда грант басқа студентке беріледі.
Қазір Павлодар қаласында бұл жобаға 50-ден астам студент қатысады. Олардың барлығы грант иегері емес. Кейбірі «opportunity» санатында – яғни олар курсқа қатысады, бірақ стипендия алмайды.