Павлодарлық тұрғын көлік жөндеу өтемақысын мұқтаж отбасыларға аударды

Шаһарда азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында қала тұрғынының ісі сотта татуластыру рәсімі арқылы шешілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жолы зардап шегуші көлігіне келген залалдың өтемақысын өз пайдасына емес, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға бағыттауды сұрады.
Іс материалдарына сәйкес, қала көшелерінің бірінде ашық қалған люк салдарынан Hyundai Palisade маркалы автокөліктің алдыңғы дөңгелегі мен бірқатар бөлшектері зақымданған. Жол учаскесінде жөндеу жұмыстарын жүргізген қалалық монополист ұйым жауапты тарап ретінде танылды.
Бастапқыда компания залал сомасымен келіспеді. Тараптар екі ай бойы бірнеше рет кездесіп, дауды бейбіт жолмен реттеу жолдарын іздеді.
– Нәтижесінде талапкер азамат ерекше шешім қабылдап, шамамен 450-500 мың теңге көлеміндегі өтемақыны алты мұқтаж отбасыға аударуды сұрады, – деді қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соттың төрағасы Ерсін Қожабергинов.
Монополист ұйым ақырында өз жауапкершілігін мойындап, өз келісімін берді.
Ағымдағы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша мыңнан астам іс татуласу арқылы аяқталған. Бұл барлық аяқталған істердің 23,7 пайызын құрайды. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 953 іс немесе 21,6 пайыз болған.
Статистика көрсеткендей, тұрғындар өзара түсіністікке келуге, дауды бейбіт жолмен шешуге көбірек ұмтылуда. Бұл қоғамдағы құқықтық мәдениеттің артып келе жатқанын білдіреді.