Ақтоғай ауданындағы «Ауыл құтқарушылары» бекеттерінің дайындығы тексерілді
Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті Ақтоғай ауданындағы «Ауыл құтқарушылары» өрт сөндіру бекеттерінің қысқы кезеңге дайындығын тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Тексеру барысында мамандар өрт сөндіру техникасының жай-күйін, бекет ғимараттары мен гараж бокстарының жағдайын бағалады. Сондай-ақ өрт-техникалық жарақтар мен арнайы жабдықтардың жарамдылығы және толық жасақталуына назар аударылды.
Бекет қызметкерлері үшін техника мен жабдықтарды пайдалану бойынша практикалық сабақтар ұйымдастырылды. Жаттығу кезінде өрт сөндіру құралдарын қолдану тәртібі пысықталып, қауіпсіздік талаптары түсіндірілді.
Мамандардың айтуынша, мұндай тексерулер ауылдық жерлердегі өрт сөндіру бекеттерінің кез келген жағдайда жедел әрекет ету қабілетін бағалауға мүмкіндік береді. Әсіресе қыс мезгілінде ауа райының күрделенуі мен жол қатынасының қиындауы төтенше жағдайларға дайындықты талап етеді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – «Ауыл құтқарушылары» бекеттерінің өрттер мен өзге де төтенше жағдайларға, соның ішінде қысқы кезеңнің күрделі жағдайларында жедел әрекет етуге тұрақты дайындығын қамтамасыз ету.