Екібастұздағы алғашқы театр өз шымылдығын ашады
Өнер ордасының тұңғыш премьерасы 29 қазанға жоспарланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Театр өз маусымын қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббат!» атты шығармасына негізделген қойылымымен ашады. Бұл – махаббат пен сағыныш, қоштасу мен өмір мәні жайлы ойға жетелейтін туынды. Спектакль режиссері – Бибіажар Дихан.
Ашылу салтанаты «Өнер» қалалық мәдениет үйінде кешкі сағат 19:00 өтеді.
Еске сала кетейік, былтыр Асайын Байханов қаладағы бұрынғы кеншілер мәдениет сарайының ғимаратын қараған болатын. Облыс әкімі мәдениет және құрылыс басқармаларына ғимаратқа алдын ала техникалық сараптама жүргізуді, сарапшыларды тартып, театрды осы жерде орналастыру мүмкіндігін зерделеуді тапсырған еді. Ал ағымдағы жылдың шілде айында театр актерлеріне кастинг жарияланып, өнер ордасы дайындық жұмыстарын бастап кеткен еді.