Павлодарлық бишілер республикалық фестивальде топ жарды

Павлодарлық бишілер республикалық фестивальде топ жарды

«Вдохновение» үшін «Ақ шағала» байқауына қатысу жай ғана жарыс емес, шығармашылық жолындағы маңызды белес болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Тамыз айында қашықтан өткен Республикалық хореографиялық фестиваль-байқау «Ақ шағала» еліміздің облыстық кезеңдерінде жеңіске жеткен үздік би ұжымдарын біріктірді. Фестиваль әрбір жанға түсінікті би тілімен сөйлеген нағыз өнер мерекесіне айналды.

Байқаудың басты мақсаты – жарқын таланттарды анықтау ғана емес, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдерді рухани-адамгершілік құндылықтарға баулу, үйлесімді тұлға тәрбиелеу және шығармашылық өсудің жаңа көкжиектерін ашу.

Осы өнер додасында Павлодар облысының намысын М.М. Катаев атындағы Оқушылар сарайының үлгілі «Вдохновение» би ансамблі абыроймен қорғады. Коллектив «Халық биі және халықтық стильде орындалған би» және «Заманауи би» номинацияларында өнер көрсетіп, жоғары техникасын, сахналық мәдениетін және эмоциялық әсерлілігін паш етті.

Ансамбльге ерекше танымалдылық әкелген қойылым – «Октябрь». Дәл осы биімен ұжым «Заманауи би» номинациясында I орынды иеленді. Сондай-ақ ансамбль I дәрежелі дипломмен, ал әрбір қатысушысы жеке сертификаттармен марапатталды.

Ұжым жетекшілері — Галина Александровна Лапухина мен Александра Игоревна Рыспаева — кәсібилігі, шығармашылық көзқарасы және еңбегі үшін I дәрежелі дипломдарға ие болды.

«Вдохновение» үшін «Ақ шағала» байқауына қатысу жай ғана жарыс емес, шығармашылық жолындағы маңызды белес болды. Бұл жетістік ансамбльдің жоғары мәртебесін тағы бір дәлелдеп, Павлодар облысының имиджін нығайтып, бидің жүректерді тоғыстырып, жаңа жетістіктерге шабыттандыра алатын құдіретін көрсетті.