«Тіл тағдыры – ел тағдыры»: Павлодарлық ұрпаққа ана тілдің қадірі түсіндірілді

Шара Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Кешке өңірдің зиялы қауым өкілдері, ұстаздар, оқушылар мен 5512 әскери бөлімінің сарбаздары қатысты. Жиын барысында патриоттық әндер шырқалып, өлеңдер оқылды. «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің республикалық филиалының төрайымы Айжан Әбсаттарова өз пікірімен бөлісті.
– Бүгінде жастардың көбі өз тілінде сөйлеуден ұялады. Бұл дұрыс емес. Қазақ тілінде сөйлеу – намыс. Сондай-ақ ұлттық киімдерімізді дәріптеуіміз керек. Егер бүгін тілімізді қадірлемесек, отыз жылдан кейінгі ұрпақтың болашағын елестету қиын. Біздің мақсатымыз – ұлттық дәстүрді, ана тілімізді дәріптеп, өсіп келе жатқан ұрпаққа дұрыс бағыт көрсету, – деді ол.
Сонымен қатар, шараға қатысқан Павлодар педагогикалық университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Әділбек Әміренов өз ойын айтып өтті. Негізгі басымдық әрқашан мемелекеттік тілде болуы тиіс.
– Конституцияның 7-бабының 1-тармағында мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп көрсетілген. Ал «орыс тілі – ресми тіл» деген ұғым заңда жоқ. Онда тек «орыс тілі қазақ тілімен қатар ресми түрде қолданылады» делінген. Бүгінде қазақ мектептерінің көбеюі мен өзге ұлт өкілдерінің тіл үйренуге деген ынтасы – мемлекеттік тілдің мәртебесінің артып келе жатқанының дәлелі, – деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, еліміз көпұлтты болғанымен, бәрімізді біріктіретін басты құндылық мемлекеттік тіл болуы керек. Ал осындай шаралар көбірек ұйымдастырылған жастарға рухани тәрбие беріп қана қоймай, мемлекеттік тілді құрметтеуге ықпал етеді.