Павлодарлық әртістер музыкалық аспаптарын сыпырғышқа алмастырды

Павлодарлық әртістер музыкалық аспаптарын сыпырғышқа алмастырды
Фото: Павлодарлық филармония

Сенбілікті бірінші болып Рүстембек Омаров атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Музыканттар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Кәрімовпен бірге тазалыққа шықты. Оларды облыстағы ең ірі вокалдық топтардың бірі – камералық хор қолдады.

Жан тазалығымен қатар, айналадағы тазалыққа да көңіл бөлу керек. Сонда көрермен қауым біздің концерттерге қуана келеді, – дейді филармония әртісі Жанар Бастамиева.

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Мәдина Нұрғожинова жетекшілік ететін полифониялық ансамбль құрамында 30-дан астам кәсіби вокалист бар. Олардың барлығы тырма мен сыпырғыштармен қаруланып, филармония ғимаратының маңайындағы қоқыстарды тазалады.

– Сенбілікке бәріміз қосылайық. Бұл – біздің үй, біз тұратын жер. Үйіміздің әдемі және жайлы болуы өзімізге байланысты, – дейді камералық хор әртісі Полина Сидорова.

Ұжым павлодарлықтар үшін үлкен классикалық хор музыка концертін дайындап жатыр.

Жыл сайын филармония әртістері тазалығын қадағалап отыратын аумақтың жалпы ауданы шамамен бір гектарды құрайды. Сонымен қатар, олар ағаштар мен бұталарды суарады, раушан, лалагүл және басқа да сәндік өсімдіктермен гүлзарларға күтім жасайды.