Павлодар облысында ротацияланатын мемлекеттік қызметшілер тізімі кеңейтілді

Павлодар облысында ротацияланатын мемлекеттік қызметшілер тізімі кеңейтілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Енді әкім немесе басқарма, департамент басшыларының орынбасарлары да лауазымдық міндеттерін ауыстыруға міндетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Асхат Искендировтің айтуынша, биыл 17 шенеунік ротациялауға жатады. Тізімнің ішінде зейнет жасына таяп қалған төрт мемлекеттік қызметші бар. Сондықтан олар ротациялауға жатпайды, әрі қызметтен босатылмайды. 

– Өткен жылы Президент міндетті ротацияға жататын адамдардың тізімін кеңейту туралы Жарлыққа қол қойды. Оған сәйкес қалалар мен аудандар әкімдері, басқарма басшыларынан басқа, олардың орынбасарлары да ротациялауға жатады, – деді Асхат Искендиров.

Биыл білім беру, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі, құрылыс, қаржы басқармалары, Павлодар, Екібастұз қалалары әкімдерінің, Железин, Тереңкөл, Павлодар аудандары әкімдерінің орынбасарлары ротациялау тізіміне енді. 

– Мемлекеттік қызметші төрт жылға дейін алаңсыз жұмыс істей алады. Бұл мерзімнен көп жұмыс істеген уақыт аралығында алғашқы ротациялау туралы хабарлама келеді. Оны бірінші басшысы алты жылға дейін ұзарта алады. Кейін тек мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімі бойынша ұзартуға рұқсат беріледі. Ал еңбек етіп жүрген сегізінші жылында міндетті ротациялауға жатады, – деді Асхат Искендиров.

2025 жылы қай қала мен аудан әкімдері және басқарма басшылары ротациялау тізіміне енгені әлі белгісіз.