Павлодарлық имам Мәшһүр Жүсіп атынан «Бәдел қажылығын» жасады

Павлодарлық имам Мәшһүр Жүсіп атынан «Бәдел қажылығын» жасады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Амалды Ғазиз мешітінің имамы орындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ислам дінінде «Бәдел қажылығы» ұғымы бар. Бұл – көзі тірісінде қасиетті Қағбаға барып, бес парыздың бірі саналатын қажылық ғибадатын өтей алмаған адамның орнына өзге адамның қажылық жасауы. Сондай-ақ, қандай да бір себеппен жолға шыға алмайтын мұсылман да өз атынан басқа адамды қажылыққа жібере алады.

Биыл қазақтың ұлы ойшылы, ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының атынан бәдел қажылығы жасалды. Бұл ізгі амалды қаладағы Ғазиз мешітінің имамы Қуаныш Асқар орындады.

Имамның айтуынша, қазақ зиялыларының ішінде қажылық тақырыбын терең зерттеп, мол дерек қалдырғандардың бірі – дәл осы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы.

– 2022 жылдан бері облыс бойынша Ұмра қажылығының жауапты өкілі болып қызмет атқарып келемін. Осы қызмет барысында қазақ даласында қажылық жасап, ол туралы еңбектер қалдырған тұлғаларды зерттедік. Сол зерттеу нәтижесінде қажылық туралы ең көп айтқан, терең түсінік берген адамның Мәшһүр Жүсіп бабамыз екенін білдік. Алайда, өзі өмірінде қажылыққа бармаған. Сондықтан ғұламаның атынан бір рет қажылық жасап, қасиетті Қағбада тауап етуді жөн санадым, – деді Қуаныш Асқар.

Имамның айтуынша, біреудің атынан бәдел қажылық жасау үшін белгілі шарттар мен талаптар бар. Егер қажылық өкілеттілігі берілген адам тірі болса – оның үйіне барып, ниет пен дұға жасау қажет, ал марқұм болса – зиратының басына барып, дұға оқу керек. Қажылық сапарынан оралған соң да ең алдымен сол адамның басына барып, атқарылған амал туралы айтып, осы сауапты істі оның атынан орындағанын жеткізу қажет.

– 2023 жылы өзім қажылыққа барған сәтімде Алладан Мәшһүр Жүсіп атамыздың атынан да қажылық жасауға мүмкіндік беруді сұрадым. Сол дұғам қабыл болып, биыл ғұламаның атынан бәдел қажылығын орындау бақыты бұйырды. Мина мен Арафада оның атынан тауап жасап, намаз оқып, Алладан жарылқау тіледім, – деді ол.

Мәшһүр Жүсіп атынан жасалған бұл бәдел қажылығы — ұлы ойшылдың рухына тағзым, ал кейінгі ұрпаққа имандылық пен ізгіліктің мәнін ұғындыратын өнеге.