Павлодарлық ХҚКО қызметкері 20 жылдық еңбек жолын еске алды

Павлодарлық ХҚКО қызметкері 20 жылдық еңбек жолын еске алды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Биыл еліміздегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарының құрылғанына 20 жыл толды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Осы салада орталық ашылған күннен бастап табанды еңбек етіп келе жатқан №1 ХҚКО маманы Маржан Дүйсембенованың айтуынша, ХҚКО алғаш ашылған кезеңде қызмет көрсету жүйесі бүгінгідей дамымаған еді.

– Сол жылдары барлығы қолмен атқарылатын. Құжат қабылдау, кезек реттеу, ақпарат беру – барлығы үлкен жауапкершілікті талап етті. Бірақ басты мақсатымыз бір болды – халыққа қолжетімді әрі түсінікті қызмет көрсету, – дейді ол.

Алғашқы уақытта тұрғындар үшін бұл жүйе тосын жаңалық болған. Жаңа форматқа үйрену оңай болмағанымен, уақыт өте келе ХҚКО қызметінің тиімділігі дәлелденіп, халықтың сенімі арта түсті.

– Алғашында ең көп көрсетілген қызметтер жеке куәлік пен төлқұжат рәсімдеу, мекенжай анықтамаларын беру, жылжымайтын мүлікке қатысты құжаттар, әлеуметтік жеке код беру болды. Бұл қызметтердің барлығы халық үшін аса маңызды еді, – деп еске алады Маржан Дүйсембенова.

20 жыл ішінде салада ең үлкен өзгеріс цифрландырумен байланысты болды.Бүгінде қызметтердің басым бөлігі электрондық форматқа көшті. 

– Кезек – электронды, төлем – онлайн, құжаттарды алу әлдеқайда жеңілдеді. Фронт-офис пен бэк-офис жүйелері дамып, қызмет көрсету стандарттары жаңа деңгейге көтерілді. Халықтың да талап-тілегі өзгерді, – дейді маман.

Ұзақ жылдық еңбек жолында есте қалған ерекше әрі қызықты сәттер де аз емес.

– Бірде азамат құжаттарын жоғалтып алдым деп қатты уайымдап жүрді. Кейін оларды өз қалтасынан тауып алған сәтіміз бәрімізге күлкі сыйлады. Құжат рәсімдеу кезінде адамдар жиі алаңдайды, сондықтан біз әрдайым түсіністікпен қарауға тырысамыз, – дейді ол.

Азаматтардың ризашылығы мен алғысы – ХҚКО қызметкерлері үшін ең үлкен марапат.

– Баласының құжаттарын рәсімдеу кезінде толық кеңес беріп, барлық процесті түсіндіргеніміз үшін бір ананың шын жүректен алғыс айтқаны әлі күнге дейін есімде. Бұдан бөлек, ақсақал аталарымыз бен әжелеріміз үнемі батасын беріп жатады. Үлкендердің ризашылығын алу – біз үшін үлкен бақыт, – деп бөлісті маман.

Маржан Дүйсембенованың айтуынша, ХҚКО қызметкерінің ең басты қасиеттері – шыдамдылық, сыпайылық және кәсіби сауаттылық.

– Әр азамат әртүрлі көңіл күймен келеді. Сондықтан барлығына бірдей құрметпен қарап, процестерді жақсы біліп, сапалы қызмет көрсету – негізгі міндетіміз, – дейді ол.

Осы салада 20 жылға жуық еңбек еткен маман үшін ХҚКО – жай ғана жұмыс емес, өмірлік іс.

– Бұл – менің өмірімнің бір бөлігі. Осы ортада өсіп, дамып, барлық өзгерістерді бірге өткердік. ХҚКО мен үшін екінші үйімдей, – деп түйіндеді ол.

Ал болашақта халыққа қызмет көрсету саласы толық автоматтандырылып, жасанды интеллект кеңінен қолданылатын жүйеге айналады деген сенімде. Оның айтуынша, алдағы уақытта көптеген қызметтер ХҚКО-ға бармай-ақ онлайн көрсетілсе, орталықтар кеңес беру мен күрделі жағдайларды шешу алаңы ретінде сақталады.

Фотосуретті ХҚКО баспасөз қызметі ұсынды