Павлодар тұрғындарының табысы артуда
Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 16,3 пайызға жоғары, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық статистика департаментінің хабарлауынша, биылғы жылдың екінші тоқсаны бойынша өңір тұрғындарының орта есеппен жан басына шаққандағы ақшалай табысы 260 191 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 16,3 пайызға жоғары.
Үшінші тоқсан бойынша облыс қызметкерлерінің орташа айлық атаулы жалақысы 405,7 мың теңгені құрады, бұл 2024 жылғы сәйкес кезеңге қарағанда 112,4 пайыз деңгейінде. Нақты жалақы индексі 101,2 пайыз болды. Осы кезеңде жалдамалы қызметкерлер саны 192 мыңнан астам адамға жетті.
Ағымдағы жылдың үшінші тоқсан бойынша 15 жас және одан үлкен халықтың 69,4 пайызын немесе 403,8 мың адамды жұмыс күші құрады. Жұмыссыздық деңгейі жұмыс күшінің 5,1 пайызын құрады. Сонымен қатар, жұмыспен қамту органдарында жұмыссыз ретінде тіркелгендер саны қараша айының соңында 14 мыңнан астам адамға жетіп, жұмыс күшінің 3,6 пайызын құрады.
Айта кетейік, 1 қарашадағы деректерге сәйкес, өңірдің жалпы халқы 746 107 адамды құрады. Оның ішінде қала халқы 533 мыңнан астам адам немесе 71,4 пайызды, ал ауыл халқы 213 мыңнан астам адамды немесе 28,6 пайызды құрады.