Павлодар жастарына бір миллион теңгеден грант беріледі

Павлодар жастарына бір миллион теңгеден грант беріледі
Фото: ӨКҚ

«Zhas project» жобасы бойынша жастардың бизнес-идеяларына 14 грант ұсынылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Абзал Қабдраш мәлім етті.

– Байқауға NEET санатындағы экономикалық, әлеуметтік немесе саяси факторларға байланысты жұмыс істемейтін, оқымайтын жастар, 18-35 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. «Zhas project» жобасы әлеуметтік осал жастардың бастамаларын қолдауға және оларды әлеуметтік-экономикалық өмірге тартуға, жергілікті қоғамдастықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге, жастардың кәсіпкерлік идеялары мен бастамаларына жәрдемдесуге бағытталған, – дейді Абзал Қабдраш.

Спикердің айтуынша, «Zhas project»  жобасының талаптары бойынша өтініш беруші Қазақстан Республикасының азаматы,  өтінім берген кезде өтініш берушінің жасы 18-ден 34 жасқа дейін,  өңір аумағында тұрақты немесе уақытша тіркелуі, уақытша жұмыссыз жастар мәртебесінде болуы тиіс. Қатысушылар «zhasproject-akmola-pavlodar.kz» веб-порталы арқылы жеке өтінімдерді толтыруы керек. 

Сондай-ақ, жастар гранттарын қаржыландыру жабдықтар мен шығын материалдарын сатып алуды, мамандардың қызметтеріне ақы төлеуді, үй-жайларды жалға алуды және басқа да шығындарды қамтиды. 

–  Грант қаражаты грант алушылардың шоттарына түспейді. Жобалық кеңселер қатысушылармен келісім бойынша гранттық өтінім сметасында көрсетілген тауарлар мен қызметтерге ақы төлеуді дербес жүргізеді,  –  дейді Абзал Қабдраш.

Оның сөзінше, жоба аясында арнайы оқыту қарастырылған, онда қатысушыларға кәсіпкерлік дағдыларды дамыту бойынша шеберлік сыныптары мен тренингтер ұйымдастырылады.

Байқауға ұсынылатын жобалар жергілікті қоғамдастықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталып, төрт айдан аспайтын мерзімде іске асырылуы қажет. Шағын гранттарды іске асыруда білікті жаттықтырушыларды, тәлімгерлерді, психологтарды және әлеуметтік жобаларды іске асыру мамандарын тарта отырып, жастарға заңгерлік және консультациялық қолдау ұйымдастырылады.

Айта кетейік, биыл жоба еліміздің 20 өңірінде іске қосылуда. 25 наурызда бүкіл ел бойынша шағын гранттарға өтінімдерді қабылдау басталады. Өтінімдер 2024 жылдың 24 сәуірге дейін жалғасады.

Сондай-ақ, байқауда жеңіске жеткен грант иегерлері жаңа іріктеуге қатыса алмайды.