Саяси науқан: Павлодар облысында мәслихат депутаттарын сайлау басталды

Саяси науқан: Павлодар облысында мәслихат депутаттарын сайлау басталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Учаскелерде төрт мыңнан астам адам жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бүгін, 29 қарашада Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы басталды. Павлодар облысында дауыс беру үшін 521 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Өңірде 503 мыңнан астам азаматтың дауыс беру құқығы бар. 

Павлодарлықтар 14 мәслихаттың депутатын сайлайды. Оның ішінде облыстық мәслихатқа – 32, үш қалалық мәслихатқа – 51 және он аудандық мәслихатқа 106 депутат сайлануы тиіс. Жалпы саны – 189 депутат.

Сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге 708 сайлау комиссиясы жұмылдырылған. Оның ішінде 14-і – аумақтық, 173-і – округтік және 521-і – учаскелік комиссия. Комиссиялардың құрамында барлығы 4306 адам жұмыс істейді.

Павлодар облысында сайлаушылардың шамамен 3200-і – дауыс беру кезінде ерекше жағдайларды қажет ететін мүгедектігі бар азаматтар.

Олардың сайлау құқығын кедергісіз жүзеге асыруы үшін сайлау учаскелері қажетті құралдармен жабдықталған. Ғимараттарға пандустар орнатылып, көмекке шақыру батырмалары қойылған. Табалдырықтарда кресло-арбамен өтуге арналған арнайы төсемдер қарастырылған. Дауыс беру кабиналары да арбамен еркін қозғалуға мүмкіндік беретіндей кең етіп жасалған.

Көру қабілеті бұзылған азаматтар үшін тактильді көрсеткіштер, баспалдақтар мен әйнекті есіктерде контрастылы белгілер орнатылған. Кейбір учаскелер жарық сигналдары және дыбыстық хабарлағыштармен жабдықталған.

Сонымен қатар, ақпараттың қолжетімді болуына да көңіл бөлінген. Аудиороликтер мен бюллетеньдерге арналған арнайы трафареттер әзірленген. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған ақпараттық бұрыштардағы компьютерлерге мәтіндік файлдарды дыбыстап оқуға мүмкіндік беретін NVDA бағдарламасы орнатылуда.

Осылайша, өңірдегі сайлау учаскелерінде барлық азаматтың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған шаралар қарастырылған.

Атап өтерлігі, сайлаушыларға дауыс беру үшін үш түрлі бюллетень беріледі. Олардың түсі сайлау деңгейі мен дауыс беру тәсіліне қарай ажыратылады:

Көгілдір бюллетень – партиялық тізім бойынша сайланатын мәслихат депутаттары үшін;

Жасыл бюллетень – бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша ұсынылған кандидаттар үшін;

Күлгін бюллетень – қалалық мәслихат депутаттарын сайлау үшін;

Қызғылт сары бюллетень – аудандық мәслихат депутаттарын сайлау үшін.

Әр бюллетеньде «Барлығына қарсы» деген арнайы жол қарастырылған. Сайлаушы партиялық тізім бойынша және өз округіндегі кандидаттардың арасынан таңдау жасайды.

Павлодарлықтарды сайлау учаскелеріне келіп, дауыс беруге шақырады.