Павлодарға Африка, Үндістаннан келген мамандар көбінесе қайда жұмыс істейді?

Павлодарға Африка, Үндістаннан келген мамандар көбінесе қайда   жұмыс істейді?
Фото: Константин Шелков

Облыста жұмыспен қамту бойынша шетелдік азаматтарға 120 квота бөлінген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова мәлім етті. 

– Жұмыс берушілер шет елден келген шамамен 60 адамды қызметке алды. Оңтүстік Африка, Украина және Үндістан елдерінен келген шет ел азаматтары көбінесе «KAZ Minerals Bozhakol» ЖШС, «Қазақстан алюминийі», Екібастұз қаласының ірі кәсіпорындарында жұмыс істейді. Кәсіпорындардың жергілікті нарыққа бағдарлануына байланысты шетелдік жұмыс күштері азаюда, – дейді басқарма басшысы.

Спикердің сөзінше, жыл сайын шетелден әкелінетін жабдықтармен жұмыс істеп үйренуге  отандық қызметкерлердің оқуына басымдық беріледі. Сол себептен, квоталар да аз бөліне бастады.

Сондай-ақ, Павлодар облысында вахталық әдіспен қызмет атқаратын жұмыскерлер көбінесе оңтүстік астана мен Қарағанды облысынан келеді.

Айта кетейік, бүгінде халықты жұмыспен қамту мәселелері тұрақты бақылауда және бірқатар шаралар қабылдануда. Ағымдағы жылғы бес айдың қорытындысы бойынша Павлодар облысы 13-ші орынды алады.