Павлодарлық оқушылар робототехника бойынша Орталық Азия чемпионатының финалына шықты
Аталмыш чемпионатқа үш мыңнан астам қатысушы келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығының мәлімдеуінше, Қазақстан астанасында 23-25 ақпан аралығында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Гонгонг өңірлерінен 3000-нан астам үздік робототехниктердің қатысуымен «Central Asia FIRST Championship» робототехника бойынша ең ірі ашық чемпионат өтті. Аталған беделді чемпионатқа Павлодар қаласының № 2, 21 мектептерінің, Ш. Шөкин атындағы мектеп-гимназиясы, «Сатурн» робототехника мектебінің командалары қатысу құқығын алды.
– Робототехника – бұл математика, физика, информатика, сурет салу, логика сияқты мектеп пәндерінің интеграциясы. Жаһандану дәуірінде «ақылды» құрылғылар дамып келеді. Қытайда, АҚШ-та және Оңтүстік Кореяда роботтар қоғамның бір бөлігіне айналды. Біз бұл үрдіс жалғасады деп сенеміз. Бұл салаға қызығушылық танытатын балалар көп. Себебі робототехниканың болашағы зор. Менің ойымша, мұндай чемпионаттарға қатысатын оқушылар өздерін жас инженер-робототехниктер ретінде көрсетеді, – дейді орталық басшысы Ақмарал Мұхаметжанова.
Чемпионат қорытындысы бойынша № 21 ЖОМ командасы кубокты жеңіп алып, «Қырағы сұңқар» жобасын сапалы дайындағаны үшін «Motivationaward» сертификатымен марапатталды. Жоба нашар көретін, түсті ажырата алмайтын, зағип, нашар еститін адамдарға киім сатып алуға, жұмыс барысында қарындаштардың, фломастерлердің түсін анықтауға, өз стилін, ою-өрнек элементтерін жасауға, 3D принтерде басып шығаруға арналған.
Құрамында № 27 ЖОМ 2-сынып оқушысы Элеонора Гейер және Эльдар Кавана, А. Шамкенов атындағы мектеп-лицейдің 1-сынып оқушысы бар «Сатурн» робототехника мектебінің құрама командасы чемпионаттың күміс жүлдегерлері атанып, «Champion's Award Finalist» атағын жеңіп алды. Команда халықаралық жарыстарда Қазақстанның атынан қатысуға квота алды.
Команда «Өнер және технологиялар паркі» жобасын ұсынды, онда роботтар мен динозаврлар мұражайы, жануарлар роботтары бар цирк, қазақ ұлттық аспаптарын танымал ету үшін робот-қобызшы таныстырылды. Саябақ ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмысқа орналастыруды және оқытуды, барлық қажетті жағдайларды жасауды көздейді.