Павлодарда қорқытып ақша талап етті деген күдікпен екі адам ұсталды

Павлодарда қорқытып ақша талап етті деген күдікпен екі адам ұсталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олардың басқа да қылмыстық істерге қатыстылығы тексерілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл қызметкерлері әскери қызметшіден ақша бопсалады деген күдікпен облыс орталығының екі тұрғынын ұстады.

– Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер бірнеше ай бойы әскери қызметшіге моральдік-психологиялық қысым көрсетіп, оның ақшалай қаражатын иемденген. Белгілі болғандай, ұсталғандар бұрын «қылмыстық ықпал ету ұйымында» болып, бірқатар қылмыс жасады деген күдікке ілінген адамдардың ортасында жүрген. Қазіргі уақытта екі күдікті сот санкциясымен 2 ай мерзімге қамауға алынды. Тергеу жалғасуда, сондай-ақ олардың басқа қылмыстық эпизодтарға қатыстылығы тексерілуде, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.

Павлодар облысының полициясы азаматтарды бейжай қалмауға және кез келген бопсалау немесе заңсыз әрекет фактілері туралы хабарлауға шақырады. Барлық өтініштер қатаң құпия түрде қаралады.