Павлодарлық педагог «Келешек мектептері» тұжырымдамасын талқылауға қатысты

Павлодарлық педагог «Келешек мектептері» тұжырымдамасын талқылауға қатысты
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрі

Астанада өткен ірі стратегиялық конференция үш күнге созылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Іс-шара елдің барлық өңірлерінен келген мектеп басшыларын біріктіріп, білім беру жүйесінің болашағын талқылауға және оны трансформациялаудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеуге арналды. Павлодар облысының атынан шараға №48 орта мектептің директоры Айнұр Бекбаева қатысты.

Конференцияны ашқан ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова білім беру саласын жаңғыртудың негізгі бағыттарын атап өтті. Ол алдағы үш жылда мектептердің дамуына негіз болатын он басым бағытты ұсынды. Оның айтуынша, «Келешек мектептері» – бұл тек инфрақұрылымдық жоба ғана емес, сонымен қатар басқару мен білім беру мәдениетінің жаңа философиясы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан ұлттық жоба қазірдің өзінде айтарлықтай нәтижелер көрсетті. 2023–2025 жылдары елімізде шамамен 460 мың оқушыға арналған 217 заманауи мектеп салынды. Қазіргі таңда олардың басым бөлігінде оқу үдерісі жүріп жатыр: шамамен 218 мың оқушы білім алуда, ал 17 мыңнан астам педагог оқытуды қамтамасыз етуде.

Жоба аясында сапалы білімге тең қолжетімділік қағидаттарына ерекше көңіл бөлінді. Мәселен, ондаған мектеп ауылдық жерлерде салынды, бұл қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берді. Халықаралық стандарттарға сай жаңа мектептер болашақта ел бойынша мыңдаған білім беру ұйымдарының даму орталықтарына айналады.

Павлодар да бұл бастаманы жүзеге асыруға белсенді түрде қатысуда. Қалада жаңа форматтағы екі мектеп ашылды. Оның алғашқысы 1200 оқушыға арналған. Білім ошағы 2025 жылдың қыркүйегінде жұмысын бастаса, екіншісі 2026 жылдың басында ашылып, оқушы орындарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік берді.

Айнұр Бекбаеваның айтуынша, конференцияға қатысу маңызды кәсіби тәжірибе болды:

– Мұндай кездесулер білім беруді дамудың стратегиялық көзқарасын тыңдаумен қатар, нақты басқарушылық тәжірибелермен алмасуға мүмкіндік береді. Біз мектептерімізге нақты құралдармен және заманауи білім беру ортасын қалай қалыптастыру керектігін түсініп ораламыз.

Конференцияның басты мақсаты – мектеп директорлары арасында мақсаттар мен тәсілдер бойынша ортақ түсінік қалыптастыру, сондай-ақ алдағы өзгерістерді табысты жүзеге асыру үшін олардың басқарушылық әлеуетін нығайту болды.