Туберкулезден қорғану жолы: Павлодар дәрігерлері ата-аналарға не ұсынады?

Өңірде балалар арасында туберкулезбен сырқаттану деңгейі төмендеуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2025 жылдың алғашқы алты айында 12 бала туберкулезге шалдыққан. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аз – 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында 14 жағдай тіркелген болатын. Дәрігерлер бұл динамиканы дер кезінде жүргізілген алдын алу шараларымен байланыстырады.
Облыстың штаттан тыс бас фтизиопедиатры Ольга Лукашенконың айтуынша, туберкулезді ерте анықтау мен алдын алуда иммунологиялық тестілер шешуші рөл атқарады.
– Бүгінде балалар арасында туберкулезді ерте кезеңде анықтау үшін манту сынамасы, диаскинтест және квантиферондық тест сынды иммунологиялық әдістер кеңінен қолданылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы манту сынамасын 1950 жылдан бастап ұсынып келеді. Бұл – дәлелденген әрі қауіпсіз әдіс. Алайда ата-аналар арасында сынамаға қатысты негізсіз қорқыныштар әлі де кездесіп жатады. Біз ата-аналарға манту – бұл вакцина емес, тек диагностикалық тест екенін түсіндіреміз. Оның көмегімен туберкулезге қарсы иммунитеттің бар-жоғы анықталады, – дейді Ольга Лукашенко.
Манту сынамасы кезінде тері астына туберкулин енгізіледі, ал 72 сағаттан кейін реакциясы бағаланады. Егер теріде қызару мен ісіну байқалса – бұл оң нәтиже болып есептеледі. Ол баланың организмі туберкулез қоздырғышымен кездескенін, яғни инфекциямен байланыста болғанын білдіреді. Бұл жағдайда бала фтизиопедиатрға жолданып, қосымша тексеруден өтеді.
– Егер белсенді туберкулез диагнозы расталмаса, біз химиопрофилактикалық ем жүргіземіз. Бұл – ағзадағы микобактериялардың көбеюіне жол бермей, иммунитеттің қорғаныс қабілетін арттыратын алдын алу шарасы. Өкінішке қарай, кейбір ата-аналар бұл емнен бас тартады. Ал дәл осындай ем қабылдамаған балалар арасында кейіннен туберкулез анықталып жатады, – дейді маман.
2025 жылдың алғашқы жартысында өңірде 35 мыңға жуық манту сынамасы жасалған. Бұл ретте 33 мыңға жуық бала қамтылып, жалпы қамту деңгейі 96 пайызды құрады. Манту сынамасы оң нәтиже көрсеткен жағдайда, диагнозды нақтылау үшін диаскинтест қолданылады. Оның да әдістемесі ұқсас, бірақ құрамындағы препарат тек белсенді туберкулез микобактерияларына реакция береді.
Ағымдағы жылы облыста он мыңға жуық диаскинтест жасалып, нәтижесінде 130 балаға химиопрофилактикалық ем тағайындалды. Бұл жалпы сынама санына шаққанда өте төмен көрсеткіш.
– Балаларды туберкулезге тексеру олардың қауіп тобына жататын-жатпайтынына байланысты жоспарлы түрде жүргізіледі. Бұған туберкулезбен ауырғандармен байланыста болған балалар, БЦЖ екпесі салынбаған немесе екпе тыртығы қалыптаспай қалғандар жатады, – деп нақтылады Ольга Лукашенко.
Туберкулездің алдын алудың ең тиімді әдісі – БЦЖ вакцинасы. Бұл екпе перзентханада нәресте өмірінің 2–4 күнінде салынады. 2022 жылдан бастап Қазақстанда бірінші сынып оқушыларына БЦЖ ревакцинациясы тоқтатылған. Вакцина құрамында әлсіретілген микобактериялар болады және ол туберкулездің ауыр түрлерінен, әсіресе туберкулезді менингиттен қорғайды.
– 2024 және 2025 жылдары Павлодар облысында БЦЖ вакцинасы салынғаннан кейін ешқандай асқыну тіркелген жоқ. Бұл екпенің қауіпсіздігін дәлелдейді, – дейді бас фтизиопедиатр.
Мамандар ата-аналарды балалардың денсаулығына салғырт қарамай, профилактикалық тексерулер мен ем-дом шараларыпна жауапкершілікпен қарауға шақырады.