Павлодарлық полицейлер студенттерді есірткіден аулақ болуға шақырды
Құқық қорғаушылар жоғары мұнай-газ колледжінің студенттерімен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шараның негізгі мақсаты – нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау.
– Профилактикалық іс-шаралар жасөспірімдердің өз денсаулығына қамқорлық жасаудың маңызын түсінуіне және салауатты өмір салты оларға өз өмірін бақылауда ұстау мен таңдау еркіндігін беретінін ұғынуына бағытталған. Бұл тек тыйымдар мен қауіп-қатерлер туралы айту емес, олардың өздерін мықты, жауапты және сенімді сезінуіне мүмкіндік туғызу. Жас буынды денсаулықтың тек аурудың болмауы ғана емес, сонымен қатар қуаныш, энергия және армандарды жүзеге асырудың басты құралы екеніне сендіру маңызды, – дейді учаскелік полиция инспекторы Дмитрий Щерба.
Кездесу барысында салауатты өмір салтын насихаттайтын арнайы бейнематериалдар көрсетіліп, барлық қатысушыларға зиянды әдеттерден түпкілікті бас тартуға бағытталған мотивация берілді.
Іс-шара соңында тәртіп сақшылары білім алушыларға салауатты өмір салтын қатаң ұстануды және күнделікті спорттық дайындыққа ерекше көңіл бөлуді ұсынды.