Павлодар ауданында «Тігін коворкингі» пайда болды
С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Табысты жобалар шеруі. Тігін коворкингі» жобасының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шараға облыс кітапханашылары мен кітапхананың оқырмандары қатысты.
Павлодар ауданы ОКЖ күні шеңберінде Новочерноярка ауылының кітапханашысы Оксана Паталаха 2023 жылы қалай жұмысын бастағаны жайлы айтып берді. 500 мың теңге шағын қаржыландыруға халықтың осал топтарына арналған тігін шеберлігін, пішу және тігу негіздерін оқыту курстарын ұйымдастырған. Оқудың барлық кезеңінде жұмыс орны, тігін машинасы және барлық қажетті жабдықтар ұсынылды.
– «Тігін коворкингі» – өмірлік қиын жағдайға тап болған қыз-келіншектерге көмек көрсетуге, оларды әрі қарай жұмысқа орналастыруға және өзін-өзі жұмыспен қамтуға, ауыл жастарын кәсіптік бағдарлауға бағытталған бірегей жоба, – дейді кітапханада.
«Павлодар облысының азаматтық альянсы» қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігінің өкілдері мен «Шью Сама» жобасының қатысушылары грантқа қалай өтінім беру керектігі, қандай идеяларды жүзеге асыруға болатындығы туралы айтып берді.
Павлодар ауданының кітапханашылары «Кітапхана − жобалар шеберханасы» фотокөрмесін, жобаға қатысушылардың тігін бұйымдары мен тоқылған ойыншықтар көрмесін, пішу және тігу бойынша шеберлік сағатын ұйымдастырды.
Еске сала кетейік, 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап өңірде ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында 15 шағын грант жүзеге асырылуда. Жобалар әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған.