Павлодарлық студенттерге Иса Байзақовтың шапаны көрсетілді
Ақынның шығармашылығына арналған «Өмір жолы» атты әдеби кеш өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шараны Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі мен Иса Байзақов атындағы филармония ұйымдастырды. Музыкалық колледж-дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернаты өткен кеште зиялы қауым өкілдері, журналистика саласының ардагерлері бас қосып, қазақтың халық ақыны, әнші, әртіс, домбырашы, композитор Иса Байзақовты еске алды.
Кеште «Құс қанат ғұмыр» әдеби бірлестігінің мүшелері Абылқас Жамбыл мен Төлеухан Бақдәулет ақынның өлеңдерін оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
– Бұл шара үш орталықтың бірігуімен аяулы ақынымыз, әншіміз, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің майталманы Иса Байзақовтың туған күніне орай ұымдастырылып отыр. Шараның басты мақсаты – болашақ ұрпаққа Иса атамыздың шығармашылығын, өмір жолын дәріптеу. Кеш барысында кешке шақырылған ақсақалдарымыз Иса Байзақовтың өмірі мен өнері жайлы сөз тарқатты, – дейді Иса Байзақов атындағы облыстық филармония басшысының шығармашылық жөніндегі орынбасары Сәуле Мұқаева.
Сонымен қатар, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі әдеби кешке құр келмей Иса Байзақовтың өзі киген шапанды ала келген.
Музей қызметкерлерінің айтуынша, өз заманында бұл шапан өте қымбат тұрған. Музей алып келген шапан жақсы сақталғаны соншалықты, жаңа шапандардан айыру қиын. Бұл шапанды музей қорына 1992-1993 жылдары ақынның балалары тапсырған. Бүгінгі таңда шапанның мұражай қарамағына өткеніне 30 жылға жуық уақыт болған.
Айта кету керек, кеш барысында музыкалық колледждің студенті Аружан Қаршыға жиналған қауымға ақынның туындыларын орындап, көрермен көзайымына айналды.