Павлодарлық волейболшылар қарсыластарын ойсырата ұтуда

Павлодарлық волейболшылар қарсыластарын ойсырата ұтуда
Фото pixabay

«Pavlodar» ВК Ұлттық лиганың үшінші турын сәтті өткізуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Матчтар Оралда өтуде. Павлодарлықтар «Жайықты» ұтқаннан соң үш ойын өткізіп үлгерді. Біздің ойыншылар «Ақтөбе», «Ұшқын-Көкшетау» мен «Атырау» командаларын бірдей 3:0 есебімен жеңді.

Осы жеңістердің арқасында «Pavlodar» 41 ұпай жинап, Ұлттық лиганың турнир кестесінде екінші мен үшінші орында келе жатқан «Жайық» пен «Тараздан» 11 ұпайға ұзады. 

Бүгін ел чемпионатында демалыс күні. Ертең волейболшыларымыз алаң қожайындарына қарсы қайта кездесу өткізеді. Бірінші матчта павлодарлықтар оралдықтарды 3:1 есебімен ұтты. Ойын 17:30-да өтеді. Оны Қазақстан волейбол федерациясының ресми YouTube-арнасында көруге болады.

Айта кетейік, «Pavlodar» Қазақстанның іс басындағы чемпионы, Кубок және Суперкубок иегері. Соңғы жетістікке павлодарлықтар өз алаңында қол жеткізді. Сол кезде біздің волейболшылар «Есіл СК» командасын ұтып, сол арқылы клубтық Азия чемпионатында ойнауға мүмкіндік алды.