Павлодарлық жас астроном IAYC халықаралық ғылыми лагеріне барады

Павлодарлық жас астроном IAYC халықаралық ғылыми лагеріне барады
Фото: AI

Мирали Ибраев қатал іріктеуден өтіп, әлемнің отыздан астам елінен жиналатын жетпістен астам қатысушының қатарына қосылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

International Astronomical Youth Camp (IAYC) – астрономия саласына қызығушылық танытқан жас зерттеушілерге арналған беделді халықаралық жастар лагері. Ол 1969 жылдан бері ұйымдастырылып келеді және жыл сайын Еуропаның әртүрлі елдерінде өткізіледі.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, Миралидің жұлдыздарға деген қызығушылығы бұдан бұрын басталған. Ол – Павлодар қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы. Мектепте астрономияны тереңдетіп оқумен қатар, өзі бастамашы болып астрономия үйірмесін ұйымдастырып, білімін басқа оқушылармен бөлісіп жүр.

Сондай-ақ, ол – М. М. Катаев атындағы Оқушылар сарайы жанындағы «Антарес» астроклубының мүшесі. Мирали Павлодар облысының астрономия бойынша құрама командасында өнер көрсетіп, республикалық Астротурнирде аймақ намысын қорғаған.

– Үш апта бойы қатысушылар тәжірибелі менторлардың жетекшілігімен ғылыми жобалармен айналысады, аспанды бақылап, астрономиядағы жаңа идеяларды талқылайды және әлемнің әр түкпірінен келген замандастарымен тәжірибе алмасады. Ғылыми топтардың жұмысы метеорларды бақылау, қара құрдым модельдерін құрастыру, астрофотография және астероид орбиталарын талдау сияқты тақырыптарды қамтиды. Барлық сабақтар мен байланыс тілі – ағылшын тілі. Бұл қатысушылардың ғылыми және коммуникативтік қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Ведомствоның хабарлауынша, IAYC лагеріне шақырту – Миралидің жоғары ғылыми дайындығының, табандылығы мен әлеуетінің мойындалуы. Бұл – оның болашақ ғалым, инженер немесе зерттеуші ретінде қалыптасу жолындағы маңызды белес.

Айта кетейік, 12 сәуір — Ғарышкерлер күні Астанада Tamos School базасында өткен республикалық астротурнирде павлодарлық «Антарес» құрамасы екінші орынды иеленді. Мирали Ибраев бұл командада капитан болды және «Үздік спикер» атағына ие болды.

Фотосуреттерді облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі ұсынды