Павлодарлық оқушылар республикалық астротурнирде екінші орын иеленді

Финалға тек үздік сегіз команда жолдама алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
12 сәуір — Ғарышкерлер күні Астанадағы Tamos School қабырғасында өткен турнирге Қазақстанның түкпір-түкпірінен 97 команда қатысты. Солардың ішінде 32 команда жартылай финалға өтіп, астрономия мен астрофизика бойынша күрделі тапсырмаларды шешуде бақ сынады.
Финалдық кезеңге өткен үздік командалардың қатарында павлодарлық «Антарес» құрамасы ерекше көзге түсті. Команда мүшелері — Даниил Ким, Ерболат Шарипхан, Мирали Ибраев және Алияр Садуев — оқушылар сарайындағы астроклубтың эксперименттік тобында жетекші педагог Гүлнар Қайырболатқызы Баубекованың жетекшілігімен дайындалады.
Жас астрофизиктер теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, сенімді әрі мазмұнды жауаптарымен әділқазылар алқасының жоғары бағасын алды. Команда капитаны Мирали Ибраев «Үздік спикер» атағына ие болды.
Турнир Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен «Астана дарыны» орталығының қолдауымен ұйымдастырылды. Ашылу салтанатына белгілі ғалымдар мен сарапшылар қатысты, олардың қатарында — танымал астрофизик Олег Угольников және Ресей ғылым академиясының Күн — Жер физикасы институтының ғалымы Николай Перцев бар.