Кітап оқығаны үшін павлодарлық оқушылар велосипедке ие болады
Бастаманы өңір мектептерінің түлектері қолдап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде жүзден астам мектепте оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға және білімге ынталандыруға бағытталған түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – «Кітап оқы – велосипед ұтып ал» жобасы. Бұл бастама өңірдегі бірқатар білім беру ұйымдарында сәтті жүзеге асып келеді. Май ауданы, Малайсары батыр атындағы орта мектепте жоба тоғыз жыл бұрын басталған. Алғашында мектеп түлектерінің ұсынысымен қолға алынған бастама уақыт өте келе оқушыларды, ұстаздарды және түлектерді біріктірген игі дәстүрге айналды.

Жобаның шарты қарапайым: оқушылар оқу жылы бойы жарысып кітап оқиды, үздіктері велосипед ұтып алады. Бастауыш сыныптарда негізгі назар оқу жылдамдығы мен мәтінді түсініп оқуға аударылады. Жыл басында көрсеткіштер тіркеліп, қорытынды нәтижемен салыстырылады. Мәселен, төртінші сынып оқушысы оқу жылдамдығын минутына 90 сөзден 150 сөзге дейін арттырған.
– Алғашында баяу оқып, тез оқи аламын деп ойламадым. Бірақ байқауға дайындала бастағанда өзімнің ілгерілеуімді байқадым – қазір әлдеқайда сенімді әрі жылдам оқимын. Велосипед ұтып алғаныма өте қуаныштымын. Келесі жылы да байқауға міндетті түрде қатысамын, – деді Назым Ерсайын.
Орта буын оқушыларына қойылатын талаптар күрделірек. Биыл олар жазушы Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» повесін оқып, тест тапсырып, шығарма бойынша эссе жазуға дайындалып жатыр.

Мектеп директоры Анар Жетібаеваның айтуынша, жобаға деген қызығушылық жыл сайын артып келеді.
– Үш жыл бұрын жобаға небәрі 20 оқушы қатысса, бүгінде олардың саны 80-ге жетті. Бұл балалардың кітапқа деген қызығушылығының артқанын көрсетеді. Жоба оқушыларды шынымен кітап оқуға ынталандырады. Олар гаджеттерді аз қолданып, кітаптарды талқылай бастады, тіпті кейбірі ата-аналарымен бірге оқиды, – деді ол.
Жобаны жүзеге асыруда мектеп түлектері ерекше рөл атқарады. Олар жыл сайын жеңімпаздарға велосипед сыйға тартады. Жоба басталғалы бері мектепте 30 велосипед ойнатылған.

Биыл игі дәстүрді мектепті 32 жыл бұрын тәмамдаған түлектер жалғастырды. Жеңімпаздарды марапаттау соңғы қоңырау салтанатты жиынында өтеді. Биыл алты оқушы велосипедке ие болады.