Павлодарлық жас спортшылар белбеу күресінен Қазақстан чемпионы атанды
Байрақты бәсекеде павлодарлықтар алтыннан алқа тақты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Марғұлан университетінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Түркістан облысының Кентау қаласында өткен додада университеттің екі студенті чемпион атанған.
Облыс намысын университеттің өнер және спорт жоғары мектебінің студенттері қорғап, жеңіс тұғырынан көріне білді. Мәселен, 82 келі салмақ дәрежесінде белдескен Алдияр Айтмұхан 1-орынды қанжығасына байлады. Алдиярдың жеңісті жолын 62 келі салмақ бойынша күрескен Жәнібек Жохаев қайталап, жеңімпаз атанды.
Қос балуанның жаттықтырушысы Қайрат Темірболатовтың айтуынша, олар спорт шеберіне үміткер
- Алдияр мен Жәнібек жыл сайын Қазақстан чемпионатына қатысып, жүлделі орындарға көрініп жүрді. Олардың спортта жүргендеріне 10 жылдай уақыт болды. Спортшыларымыздың жеңіс тұғырынан көрінгені біз үшін үлкен жетістік, - дейді жаттықтырушы.
Айта кетелік, белбеу күресінен өткен ел чемпионатына 23 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар қатысты.