Павлодар прокуроры АЭА қатысушыларымен инвестициялық жобаларды талқылады

Павлодар прокуроры АЭА қатысушыларымен инвестициялық жобаларды талқылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кездесу барысында кәсіпкерлер салықтық және кедендік әкімшілендіруге қатысты мәселелерді көтерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қала прокуроры Ержан Салханов «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының қатысушыларымен кездесу өткізді. Жиынға химия және металлургия салаларындағы ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатқан кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

Кездесу барысында қатысушыларға прокуратураның кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмысының нәтижелері таныстырылды.

Сондай-ақ бизнес өкілдеріне құқықтық мәселелер бойынша жедел жүгінуге мүмкіндік беретін «Мобильный прокурор» мобильдік қосымшасының қызметі түсіндірілді.

– Ашық диалог форматында өткен кездесуде кәсіпкерлер салықтық және кедендік әкімшілендіру, сондай-ақ «Жасыл дәліз» тетігін қолдану тәжірибесіне қатысты мәселелерді көтерді, – деді прокуратурада.

Жұмыс сапары аясында қала прокуроры «Евразийский механический завод», «QazRoyalPak» және «Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» кәсіпорындарында болды.

Кәсіпорындарда инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы, өндірістік қызметтің қазіргі жағдайы және мемлекеттік органдардың қолдауын қажет ететін мәселелер талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша кәсіпкерлер көтерген барлық мәселе қала прокуратурасының бақылауына алынды.