Павлодар облысында бірінші заманауи қоқыс сұрыптайтын зауыт салынады
Кәсіпорында пластмасса, шыны, қағаз және металл сұрыпталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Коммуналдық қалдықтар қоршаған ортаны сақтаудың маңызды саласы болып табылады. Сондықтан келесі жылы облыста бірінші заманауи қоқыс сұрыптау кешені салынады.
– Өнеркәсіптің өсуі өңірдегі экологиялық жағдайға қысым жасайтынын жақсы білеміз, сондықтан өңірді индустрияландыру серпінін сақтай отырып, шығарындыларды кезең-кезеңімен азайту міндетін қойдық, – деді облыс әкімі Асайын Байханов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған баспасөз конференциясында.
Жоба инвесторы барлық қажетті жұмыстарын жүргізді, яғнижобалау-сметалық құжаттама дайындады. «Жасыл даму» операторынан оң сараптама алынып, қаржыландыру бойынша «Бәйтерек» холдингімен алдын ала мақұлданды.
Зауыт құрылысы сәуір айында басталады деп жоспарлануда. Кәсіпорын келесі жылдың соңына дейін іске қосылады.
Сондай-ақ, аймақтағы барлық жұмыс істеп тұрған ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда кешенді экологиялық шешімдерді енгізу арқылы жаңадан салынып жатқан немесе салынуы жоспарланған зауыттарда ең соңғы ecofriendly технологияларды қолдану талап етіледі.
Мұндай кешенді экологиялық шешімдер қазірдің өзінде ERG тобындағы төрт ірі кәсіпорында енгізілді, бұл шығарындыларды 50 мың тоннаға немесе 57 пайызға жүйелі түрде азайтуға мүмкіндік береді. Аталған технологияның құны – 178 миллиард теңге.
2025-2027 жылдар аралығында мұндай шаралар Павлодар мұнай-химия зауытында, облыстағы үш жылу электр станциясында, Екібастұз ГРЭС-1 және ГРЭС-2-де енгізілмек.