Павлодарлық жастар баскетболдан облыстық спартакиадада бақ сынады
Оған өңірдегі колледждердің студенттері қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласында ұлдар мен қыздар арасында баскетболдан колледждердің 2 лига 34-облыстық спартакиадасы өтті. Жарыстар Павлодар қызмет көрсету колледжі мен Павлодар монтаждау колледжінің базасында ұйымдастырылды.
- Турнир барысында командалар жоғары дайындық деңгейін, өзара үйлесімді командалық ойынды және спорттық тәртіпті көрсетті. Ойындар тартысты өтіп, қатысушылардың техникалық-тактикалық шеберлігі мен жеңіске деген жігері айқын көрінді, - делінген хабарламада.
Жарыс қорытындысы бойынша қыздар арасында ЖИКК командасы топ жарса, Музыкалық колледж-интернатның бұрымдылары 2-орынды иеленді. Ал М.Қанапьянов атындағы жоғары колледж қыздары үздік үштікке енді.
Ал ұлдар арасында ЖТМК командасына шақ келетін ешкім болмаса, Монтаждау колледжінің жігіттері 2-орын, АҚМК командасы 3-орынға ие болды.
Спартакиада қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер тиісті дипломдармен марапатталды. Ұйымдастырушылар мұндай жарыстар студенттік спортты дамытуға, салауатты өмір салтын нығайтуға және жастар арасында командалық рухты қалыптастыруға ықпал етеді дейді.