Павлодарлық түлек грантпен оқығаны үшін екі млн теңгеге жуық қаржы қайтарады
Апелляциялық сот мемлекеттік грантпен білім алған түлектен оқу шығындарын өндіру туралы шешімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық соттың мәліметінше, апелляциялық сот алқасы «Қаржы орталығы» АҚ-ның мемлекеттік білім беру тапсырысы есебінен оқыған түлектен оқу шығындарын өндіру туралы азаматтық істі қарады.
Іс материалдарына сәйкес, жауапкер педагогикалық мамандық бойынша мемлекеттік білім беру грантымен білім алып, оқуын аяқтағаннан кейін кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндеттеме алған. Алайда Жұмыспен қамту орталығының жолдамасын алғанына қарамастан, бұл міндеттемені орындамаған.
Бірінші сатыдағы соттың шешімімен жауапкерден 1 млн 773 мың 200 теңге көлеміндегі оқу шығындары өндірілді. Ал тұрақсыздық айыбын өндіру туралы талап қанағаттандырылмады.
Апелляциялық сот алқасы оқу шығындарын өндіру туралы талапты заңды деп таныды. Сонымен қатар тұрақсыздық айыбын өндіріп алудан бас тартуды да негізді деп есептеді, өйткені мұндай міндеттеме заңнамада немесе тараптар арасындағы шартта көзделмеген.
Нәтижесінде бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылып, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалды. Сот актісі заңды күшіне енді.