Павлодарлық жастар халықаралық лагерьге қатысты
Форумға Қазақстанның барлық өңірлерінен және Өзбекстаннан келген жас көшбасшылар жиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Түркістан облысында Қазақстан мен Өзбекстан жастарының басын қосқан «Бірлік» халықаралық жастар лагері өз жұмысын бастады.
Өңір атынан лагерьге «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің өңірлік өкілдігі қатысуда. Делегация құрамында ұйым төрағасының орынбасары Данил Дзюба, жастармен жұмыс жөніндегі маман Эльдар Захаров және беларусь жастарының көшбасшысы Евгений Тристан бар.
Лагерьдің салтанатты ашылуы Түркістан қаласындағы Достық үйінде өтті. Пленарлық отырысты «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары Руфина Усанова жүргізді.
Кездесуге Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік органдарының, қоғамдық ұйымдарының және жастар бірлестіктерінің өкілдері қатысты.
– Басқосуда жастардың этносаралық келісімді нығайтудағы, қоғамдық бірлікті сақтаудағы және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастырудағы рөлі талқыланды, – деді ҚХА Павлодар облыстық филиалы.
Лагерь бағдарламасы бірнеше бағытты қамтиды. Қатысушылар үшін концерттік кеш ұйымдастырылып, кейін жұмыс «Тау Самалы» кешенінде жалғасты. Мұнда шахмат, тоғызқұмалақ және садақ атудан жарыстар өткізілді.
19 маусымда жастар жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға арналған білім беру бағдарламасына қатысты. Қатысушылар «AI First: цифрлық трансформация стратегиялары мен құралдары» және «Интеллектуалды технологиялар: теориядан тәжірибеге» тақырыптарындағы тренингтерден өтті.
«Бірлік» халықаралық лагері жастарға тәжірибе алмасуға, жаңа серіктестер табуға және этносаралық келісім мәселелерін талқылауға мүмкіндік береді.