Ақсулықтар құқықтық сауаттылықты арттырды

Ақсулықтар құқықтық сауаттылықты арттырды
Фото: Есенжол Исабек

Тұрғындар үшін «Халық заңгері» науқаны ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл бастама – құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам. Ол халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналып, ел тұрғындарының өз құқығын білуіне, заңмен қорғалуына нақты мүмкіндік беріп келеді. Жуырда осындай игі шара Ақсу қаласында да өтті. Үкіметтің қолдауымен және мүдделі мекемелердің бірлескен ұйымдастыруымен жүзеге асқан кең ауқымды науқанға тұрғындар белсене қатысты.

Науқанның негізгі мақсаты – халықтың құқықтық білімін арттыру, өз құқықтары мен міндеттерін түсіндіру.

Шара барысында тұрғындарға түрлі сала бойынша кәсіби кеңестер берілді. Жер мәселесі, әлеуметтік көмек, тұрғын үй алу, алимент өндіру, зейнетақы рәсімдеу, медициналық сақтандыру және еңбек даулары сынды өзекті сұрақтар көтерілді. Көпшілік көкейінде жүрген түйткілді мәселелерге білікті мамандардан нақты, түсінікті әрі заңды жауаптар алды.

Шараға қатысқан тұрғындардың айтуынша, мұндай форматтағы кеңес беру жиындары қоғам үшін өте қажет.

–  Көптен бері жер теліміне қалай кезекке тұру керектігін білмей жүрген едім. Бүгін мамандардан егжей-тегжейлі кеңес алдым. Қандай құжаттар керек, қай жаста кезекке тұруға болатындығы жайлы бәрін түсіндіріп берді. Осындай тегін құқықтық көмек беріліп жатқанына қуаныштымын, – дейді ол.

 Ал, Инновациялық Еуразия университетінің жоғары колледжін тәмамдап жатқан Саян Калабаев үшін шара кәсіби бағыт-бағдарын нақтылауға себеп болған жобалардың бірі болғанын айтып өтті.

Мені толғандырған мәселе – жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейінгі жұмысқа орналасу. Қазіргі таңда құқықтану мамандығы бойынша колледжді аяқтап жатырмын. Алдағы уақытта жоғары оқу орнына түсіп, мамандығым бойынша жұмыс істегім келеді. Осы тұрғыда өз сұрағым бойынша тиісті мамандармен тікелей сөйлесіп, нақты әрі мазмұнды жауап алдым. Осындай кездесулер жас мамандар үшін өте қажет деп ойлаймын, – дейді ол.

Аталмыш шара тек кеңес берумен шектелмейді. Бұл – қоғамдағы құқықтық сауаттылықты арттыратын жоба. Қарапайым тұрғыннан бастап, мемлекеттік қызметшіге дейін заңды білуі тиіс. Өйткені құқықтық тәртіпті сақтау – әр азаматтың міндеті. Құқықтық мемлекет болудың алғышарты – халықтың заң алдындағы жауапкершілігі мен өз құқығын жетік білуі. Осы орайда «Халық заңгері» сияқты жобалар азаматтардың заңға деген сенімін арттырып қана қоймай, қоғамда құқықтық мәдениеттің қалыптасуына жол ашады.

Шараға қатысқан Ақсу қаласы білім беру бөлімінің басшысы Қайрат Смағұлов өз сөзінде әлеуметтік науқанның өзектілігі мен тиімділігіне тоқталды.

Бүгінгі шара – еліміздің әр өңірінде ұйымдастырылып жатқан маңызды кездесулердің бірі. Мұндай бастамалар халықпен ашық диалог орнатуға мүмкіндік береді. Әсіресе, ата-аналар тарапынан білім беру саласына қатысты сұрақтар жиі қойылды. Атап айтқанда, балабақшаға қабылдау тәртібі және жазғы демалыс кезінде оқушыларды жұмыспен қамту мәселелері кеңінен талқыланды, – деді ол.

Сондай-ақ, бөлім басшысы науқанның тұрғындарға берер пайдасы өте зор екенін жеткізді.

– Халықпен бетпе-бет кездесіп, нақты көмек көрсету – ең басты мақсатымыз. Мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасса, қоғамдағы құқықтық мәдениет деңгейі арта түсетіні анық, – деді Қайрат Теміржанұлы.

Сонымен қатар, ол ауылдық жерлердегі оқушылардың еңбекпен қамтылу жағдайына да тоқталып өтті. Мысалы, қала оқушылары 50 мың теңге көлемінде жалақы алса, ауылдық елді мекендердегі балалар ата-аналарымен бірге шаруа қожалықтарында жұмыс істеп, 80 мың теңгеге дейін табыс табатындығына тоқталып өтті.

Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің сектор меңгерушісі Лунара Кудикенова да тұрғындарға құқықтық кеңес беріп, әлеуметтік жобаның маңыздылығына тоқталды.

Мұндай жобалар халықпен тікелей қарым-қатынас орнатудың тиімді жолы. Қазіргі таңда тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру – басты мақсаттардың бірі. Бүгінгі іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қарқынды өтуде. Азаматтар тарапынан түрлі салаларға қатысты нақты және өзекті сұрақтар қойылды. Әсіресе, көптеген жас мамандардан сауал түсіп, оларға толыққанды түсініктемелер берілді, – деді Лунара Ерназқызы.

Ол сондай-ақ мұндай кең көлемді шаралар халықтың заңдық білімін көтерумен қатар, мемлекеттік органдарға деген сенімділікті арттыратынын атап өтті.

Әдемі Кәукен