Павлодарлық жастар салауатты өмір салтын қолдайды
Іс-шара «Заң мен тәртіп» идеологиясын іске асыру аясында ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
26 маусым күні сағат 16:00-де «Ertis Promenade» сахнасында Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған «Есірткісіз болашаққа ұмтыл» айлығының салтанатты жабылу рәсімі өтеді.
Іс-шара бағдарламасында таңғы жаттығу, жүгіру жарысы, джампинг, пилатес және армрестлинг бойынша сайыстар ұйымдастырылады. Қатысушылар үшін балалар және отбасылық аймақтар, көлемі 2×6 метр болатын бояу кенебін безендіру алаңы, фотобудка, «Егер сен есірткіге қарсы болсаң – мені құшақта» акциясымен аниматорлар, ақпараттық-консультациялық алаңдар, есірткіге қарсы плакаттар көрмесі және «Сұрақ – жауап» жәшігі әзірленеді.
Мерекенің ерекше бөлігі ретінде арнайы мақсаттағы жедел әрекет ету жасағының қызметкерлері, таэквондо федерациясының тәрбиеленушілері және полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығының мамандары көрсетілім қойылымдарын ұсынады.
Іс-шара соңында «Тасымалдаушы: жеңіл ақша иллюзиясы және қатал шындық» атты әлеуметтік фильм көрсетіліп, жағажай футболы турнирінің жеңімпаздары марапатталады. Сондай-ақ концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.
Шараны облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қолдауымен «Салауатты өмір салты үшін жастар» қоғамдық бірлестігі өткізеді.