Павлодарда мемлекеттік инспекторлар өнеркәсіптерді қорғап-қоршаған
Өңір орталығында сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір прокуроры Берік Жүйріктаевтың төрағалығымен өнеркәсіптік қауіпсіздік және өндірістік жарақаттану мәселелері жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.
– Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті мұнай-химия, тау-кен өндіру салаларындағы жобаларды заңсыз келіскен, кейбір жағдайларда заңсыз жұмыс істейтін қауіпті объектілер бойынша әрекетсіздік орын алған, – деді облыстық прокуратурада.
Сонымен қатар, еңбек басқармасының жазатайым оқиғалар бойынша жүргізген тергеулері сапасыз, жазатайым оқиғалар болған зауыттар кейіннен бақылаудан тыс қалған. Өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік инспекторлар, көбінесе, бақылауындағы субъектілерді қолдаумен айналысқан.
Дәлелденген фактілер бойынша прокурорлар сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады, оның ішінде Қылмыстық кодекстің пара алу және салғырттық сияқты баптары бойынша, соңғысы бойынша лауазымды адам үш жылға бас бостандығынан айыруға сотталды.
Ал полиция органдары 3 жыл ішінде Қылмыстық кодекстің 156-бабы (еңбек қорғау ережелерін бұзу) бойынша 63 қылмыстық істің ішінен екеуін ғана сотқа жолдаған, бұл атқарылып жатқан жұмыс тиімділігінің төмен екенін көрсетеді.
Естеріңізге сала кетейік, Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің облыс бойынша Департаментінің бөлім басшысы 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол «KSP Steel» ЖШС бас техникалық басшысынан 1 миллион 399 мың теңге сомасында пара алды.