«Таза Қазақстан»: Павлодарда табиғатты қорғауға арналған 400-ден астам шара өтті

«Таза Қазақстан»: Павлодарда табиғатты қорғауға арналған 400-ден астам шара өтті
Фото: Валерий Бугаев

Өңірде қоқысты сұрыптау мен заттарды қайта қолдануға үйрететін жобалар көбейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһарда жыл басынан бері «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында 400-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Басты мақсат – өскелең ұрпақтың қоршаған ортаға жауапкершілігін арттырып, оны аялауды күнделікті дағдыға айналдыру.

Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы жастар мен отбасы бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанованың айтуынша, экологиялық тәрбие көшелер мен аулаларды тазалаумен ғана шектелмейді. Ол адамның көзқарасы мен күнделікті әрекетінен басталады. Осыған байланысты өңірде тазалық жұмыстарымен қатар, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі білімді арттыруға басымдық беріліп отыр.

 – «Таза Қазақстан» дегенде көпшіліктің ойына сенбілік пен қоқыс жинау келеді. Алайда бүгінгі міндет бұдан кеңірек. Біз өскелең ұрпақтың бойында экологиялық жауапкершілікті қалыптастырып, табиғатқа ұқыпты қарауды үйретуге тырысамыз, – деді бөлім басшысы.

Осы бағытта облыстық жастар бастамаларын дамыту орталығы мен «Жасыл ел» штабы түрлі жобаларды жүзеге асыруда. Жыл басынан бері қоршаған ортаны қорғауға арналған тоғыз негізгі ағартушылық іс-шара өткізілген.

Солардың бірі – «Өзіңнен баста» челленджі. Ол бесінші маусымда барлық қала мен ауданның тұрғындарын қамтыды. Қатысушылар күнделікті өмірде тазалықты сақтаудың қарапайым жолдарын көрсететін қысқа бейнероликтер түсірді. Бастамаға мектеп оқушылары, балабақша тәрбиеленушілері және олардың отбасылары да қосылды.

Бұдан бөлек, «Эколаб» жобасы аясында оқушыларға арналған танымдық квесттер өткізіліп, қоршаған ортаға ұқыпты қарау интерактивті тапсырмалар арқылы түсіндірілді. «Таза ел – таза жүрек» акциясы да өскелең ұрпақтың экологиялық сауатын арттыруға бағытталған. Ал «Жасыл әлемге саяхат» кездесулері табиғат туралы білімді кеңейтуді көздейді.

Қайта пайдаланудың маңызын көрсету үшін арнайы жәрмеңкелер де ұйымдастырылады. Онда қатысушылар кітаптар мен басқа да бұйымдарды алмастырып, жарамды заттарды бірден қоқысқа тастамай, қайта қолдануға болатынын көрсетеді. Сонымен қоса, экологиялық тақырыптағы фильмдер көрсетіліп, «Эко серуен» жобасы аясында қоршаған ортаға қатысты мәселелер талқыланады.

Жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Жандарбек Қабдраштың сөзінше, өңірдегі еріктілер фронт-офисі «Таза Қазақстан» аясында биыл 25 шара өткізіп, тоғыз мыңға жуық адамды қамтыған.

– Негізгі назар экологиялық білім беруге, еріктілікті дамытуға және тұрғындарды қоғамдық орындарды таза ұстауға тартуға аударылады. Шараларда қатысушылар қалдықтарды сұрыптау тапсырмаларын орындайды. Сонымен қатар, оларды тиімді пайдалану жолдарымен танысады, – деді Жандарбек Қабдраш.

Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бастамалар жоғары оқу орындарымен бірлесіп те жүзеге асырылады. Ә.Марғұлан, С.Торайғыров және Инновациялық Еуразия университеті түрлі жобаларға қатысады.

Мамандардың айтуынша, ақпаратты тиімді жеткізу үшін дәстүрлі дәрістерден гөрі ойындарға, квесттерге және тәжірибелік тапсырмаларға көбірек көңіл бөлінеді. Мұндай тәсілдер қатысушыларға қажетті мәліметті меңгеріп қана қоймай, оны күнделікті өмірде қолдануға мүмкіндік береді.

Экологиялық бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Жоспарда «Таза старт» экомарафоны, «Эко вайб» фестивалі, «Мөлдір бұлақ» акциясы және өңірлік еріктілердің экологиялық форумы бар.