Павлодарлық педагогтар анаға арналған шығармаларды мәнерлеп оқиды

68 қатысушы шығармаларды жатқа оқып, мәнерлеп оқу шеберлігін көрсетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
№39 орта мектебінде халықаралық әйелдер күніне орай педагогтар арасында «Барлығы ананың алақанынан» атты мәнерлеп оқу байқауы өтеді.
– Іс-шараның мақсаты – ұстаздардың шығармашылық қабілетін дамыту, отбасы құндылықтарын дәріптеу және көркемсөз мәдениетін насихаттау. Байқауға қала мектептерінің, мектептен тыс ұйымдардың және қалалық кітапхана жүйесінің 68 педагогі қатысады, – деді ұйымдастырушылар.
Байқау 5 наурыз күні сағат 9:30-да басталып, 12:00-ге дейін жалғасады.
– Қатысушылар анаға арналған поэзиялық шығарманы жатқа оқып, өздерінің мәнерлеп оқу шеберлігін көрсетеді. Өлең қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде орындалуы мүмкін. Байқау ораторлық шеберлікті дамытуға, талантты педагогтарды қолдауға және көркем шығармалармен танысуға мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.
Қазылар алқасы қатысушылардың өнерін бірнеше критерий бойынша бағалайды:
- анық әрі мәнерлі оқу;
- тақырыпқа сәйкестік;
- дауыс ырғағы мен эмоционалды көркемдік;
- артистизм мен сахналық мәдениет.
Байқау қорытындысы бойынша үздік қатысушылар арнайы дипломдармен марапатталады, ал барлық қатысушыларға сертификаттар табысталады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар педагог мәртебесін көтеріп, рухани және патриоттық құндылықтарды насихаттауда маңызды рөл атқарады.