Павлодарлық өнертапқыштар экологиялық таза тыңайтқыш алу әдісін ойлап тапты
«Гидрофос» тыңайтқыш жобасы әртүрлі ғалымдардың жоғары бағасына ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Назарабаев Зияткерлік мектебі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Шапағат - 2023» республикалық өнертапқыштар байқауы еліміздің түкпір-түкпірінен келген барлық жастағы өнертапқыштарды біріктіреді. Байқаудың мақсаты – қазақстандық ғалымдардың өнертапқыштық қызметін және отандық кәсіпорындардың үздік жетістіктерін қолдау және ынталандыру.
9 және 10-сынып оқушылары Зарина Сегізбаева мен Мирали Ибраев «Өнертабыс саласындағы инновациялық жобалар үшін» номинациясы бойынша жеңімпаздары атанып, ақшалай сыйлық алды.
– «Шапағат-2023» байқауы – керемет тәжірибе. Мұндай іс-шараға қатысу қызықты болды. Бұл байқау барлық жастағы өнертапқыштарды ынталандырумен ерекшеленеді. Танымал ғалымдар мен ғылым докторларының еліміздің дамуына қосқан үлесі туралы білдік. Осы байқауда жеңіске жеткен басқа оқушылармен таныстық. Конкурсты ұйымдастырушылар мен ғылыми жобамыздың жетекшісі Мәдина Абилькановаға ерекше алғыс білдіргіміз келеді, – дейді Мирали мен Зарина.
Олар «Жануарлардың сүйектерін өңдеу арқылы гидрогель негізіндегі фосфатты тыңайтқыштар алу» тақырыбында жоба әзірледі. Тұрғындар малдың сүйегі түрінде қалдықтардың көп мөлшерін қалдырады және бұл экологияға теріс әсер етеді. Мирали мен Зарина аграрлық секторға жақын су объектілерінің ластану мәселесін шешетін экологиялық таза тыңайтқыш алу әдісін тапты. Өнертапқыштардың жобасына әртүрлі ғалымдар оң баға берді.