Павлодарлықтар 109 байланыс орталығына қандай мәселелер бойынша көп жүгінеді?

Павлодарлықтар 109 байланыс орталығына  қандай мәселелер бойынша көп жүгінеді?
Фото: Константин Шелков

Бірыңғай байланыс орталығы бір аптада 1500-ге жуық өтінішке жауап берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бірыңғай байланыс орталығы 26 қаңтар мен 1 ақпан аралығындағы статистиканы жариялады. Бір апта ішінде өңір тұрғындарынан 1337 өтініш келіп түскен. 

- Оның 1185-і толық орындалып, 152 өтініш орындалу сатысында тұр. Азаматтар тарапынан ең жиі көтерілген мәселелер санитарлық тазалау, сумен және электрмен жабдықтау, сондай-ақ денсаулық сақтау саласына қатысты болды, - дейді Бірыңғай байланыс орталығының мамандары.

Соның ішінде ең көп қоңырау облыс орталығының тұрғындарынан болған.  Яғни 1237 қоңырау соғылған, қазіргі таңда оның 13-і орындалу сатысында. Ал екібастұздықтардан түскен 53 өтініштің қазір 8-і орындалып жатса, ақсулықтардың  26 қоңырауының 11-і бойынша жұмыстар жүріп жатыр. 

Павлодар қаласы бойынша ең жиі тіркелген өтініштер санатында санитарлық тазалау, денсаулық сақтау, сумен, электрмен, жылумен жабдықтау, ветеринария, кәріз жүйесі, цифрландыру, қатты тұрмыстық қалдықтар тәрізді мәселелер айтылған. Ал кеншілер шаһарының тұрғындары мен ақсулықтарды көбіне денсаулық сақтау саласы қызықтырған. 

Айта кетелік, 2026 жылдың 19–25 қаңтар аралығындағы есепті кезең бойынша 8 өтініш әлі де орындалу сатысында тұр.